Бензин бес теңгеге қымбаттайды. Үкімет жанар-жағармай бағасын еркіне жіберді. Бұдан былай бензин мен дизельді отын құнын мемлекет реттемейді. Ендеше, бензин нарығындағы жағдай қалай болмақ?
Гүлвира Сейтенова, тілші:
— «Бензин бағасын енді ұстамаймыз» деген министрдің бұйрығы шыққанына бір тәулік өтті. Жанар-жағармай бекеттерінде өзгеріс жоқ. АИ-92 маркалы бензин бұрынғыдай 205 теңгеге сатылып жатыр. Бекет иелері әліптің артын бағып отырған сыңайлы.
Аймақтарда да жанар-жағармай бағасы әлі өзгере қойған жоқ. Мысалы, Шымкентте АИ-92 бензині 195 теңгеден сатылып жатыр. Ақтөбеде баға 189 бен 201 теңгенің арасында құбылып тұр. Астанада 205 теңге. Бірақ бұрынғы бағаның тұрғанын пайдаланып, көлік жүргізушілері бензинді сыйғанынша құйып алып кетіп жатыр.
Энергетика министрлігіндегілер: «Жағдайды енді нарық реттейді», — дейді. «Бірақ өсе берсін деп қол қусырып қарап отырмаймыз, бақылаймыз, шектен шығып кеткендерді тежеп отырамыз», — дейді салалық министрлік өкілі.
Талғат Мақуов, Энергетика министрлігінің департамент директоры:
— Бұйрық кешеден бастап күшіне енді. Бірақ баға бірден бүгін-ертең өседі деп айта алмаймыз, оған жол да бермейміз. Келесі айдан бастап бірінші уақытта 5 теңгеден артық болмауы керек деп ойлаймыз. Бірақ әлі сарапшылармен ақылдасып жатырмыз.
Жанар-жағармай бекеттері бағаны бірден өсірмесін деп министрлік бекет иелерін жинап алып, ескертіп те жатыр. Сарапшы Ерлан Жаукин бензин бағасын еркіне жібергеннен нарық та, бизнес те ештеңе ұтпайды, бұның пайдасын тек бюджет көреді дейді.
Ерлан Жаукин – «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК басқарма директоры:
— Бензин бағасының өскені халық тұтынатын тауар бағасына соншалықты әсер етпейді. Өсім 4 теңге деп алсақ, 60 литр бакты толтыру үшін үстіне 200-250 теңгедей қосылады. Баға шамамен 9% өседі.
Ертеңнен бастап 5 теңгеге қымбаттайды деп күтіліп отырған бензин бағасы бұдан кейін қанша уақыт тұрақтайтыны белгісіз. Өйткені Энергетика министрі бұл бірінші кезеңдік өсім деген еді. Қордағы бензин таусылғанша жанармай бекеттері ескі бағаны ұстап отыруы мүмкін. Министрліктің есебінше, қорда қазір 650 мың тонна бензин бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.