Ақтөбе облысында су тасқынына дайындық басталды

Ақтөбе облысында да су тасқынына дайындық басталды. Алдымен кезекте өңірдегі ірі су торабына қайта жөндеу жұмысы жүргізілді. Оған қазынадан 540 миллиондай қаражат бөлінді. Бүгінгі күні су қоймасы 60 миллион текше метрге толды, тағы 180 миллион текше метр қабылдай алады. Дегенмен мамандар ақпан-наурыз айларындағы жауын-шашынның көлемін болжай алмаймыз деп отыр. Сондықтан сақтық шараларын күшейтеміз дейді. Еске салайық, өткен кезеңде аймақта жойқын су тасқыны болып, салдарынан 4200 үй су астында қалған еді. Мыңнан астамы жарамсыз қалды.
Әлішер Сарбаев, Ақтөбе облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:
— Облыс аумағында су тасқыны қаупі бар учаскелер тізіміне 58 елді мекен кіреді. Бүгінгі таңда сол ауылдар бойынша жұмыстар жүргізілді. Қорғаныс бөгеттері салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ арықтар мен каналдар тазартылды. Жағалаулар нығайтылды.
———————————————