Көктемгі тасқын Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын биыл тағы әбігерге салуы мүмкін. Синоптиктердің мәліметінше, өңірде жерасты суы көтеріліп, кей аудандарда қар жылдағы нормадан көп түскен. Осыған байланысты өңірде 116 елді мекен бақылауға алынды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, 200-ден астам эвакуациялық бекет дайындалды.
Солтүстік Қазақстан облысында «Қазгидромет» мекемесі мамандарының жұмысы қыза түсті. Олар ауыл-аймақтарды аралап, алқаптармен ойпаң жерлердегі қардың тығыздығы мен қалыңдығын өлшеуде. Артынша, тасқынға байланысты болжам жасайды.
Дәурен Қосшығұлов – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
— 30 қаңтарға дейінгі жүргізілген болжам бойынша айтатын болсақ, қардың құрамындағы ылғал қоры 27 мен 96 миллиметр. Облыстың басым бөлігінде көрсеткіш бір қалыпты. Алайда оңтүстік-бастыс және оңтүстік-шығын бөлігінде 30-60% көп. Қазір Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында қауіп жоғары.
Синоптиктердің айтуынша, ақпан мен наурыз айы жауын-шашынды болады. Бұл құтқарушыларды алаңдатып отыр. Себебі тасқын тағы қайталануы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қазірдің өзінде 116 елді мекенді бақылауға алып, дайындықты бастады.
Әсет Шайкин, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:
— Аймақта инжинерлік жұмыстардың жоспары бекітілді. Осының аясында 73 шақырым болатын топырақ үйіндісі нығайтылып, автожолдарда 100-ден аса су өткізгіш құбыры салынды. Каналдар да тереңдетіліп жатыр. Қазір 1900-ден астам адамнан тұратын арнайы құрам жасақталды. 1300 техника дайын тұр.
Былтырғы тасқыннан кейін жерасты суының көтерілуі байқалады. Сергеев және Петропавл қоймалары да лық толып тұр. Ал кей жерлерде жер тоңы 80 сантиметрге дейін жетеді. Яғни күн күрт жылынса, еріген қар суы сіңбей, жан-жаққа жайылуы мүмкін. Қазір өңірде 19 гидрологиялық бекет бар. Тағы үшеуі жақында іске қосылады. Тасқынға байланысты нақты әрі соңғы болжам наурыз айында жасалады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.