Жасанды интеллект қар көшкінін 90% дәлдікпен болжай алады

Отандық ғалымдар қар көшкіні болуы мүмкін аймақты айнытпай анықтаудың амалын тапты. Ол үшін шығыстағы тау мен жоталарға дабыл жүйелері орнатылды. Жасанды интеллектің көмегімен жұмыс істейтін бұл қондырғылар қар көшкінін 90% дәлдікпен болжай алады. Енді қардың қалыңдығын өлшеу үшін мамандар тауға шығып әуре болмайды. Жаңа жүйе қашықтан басқарылады.
Шығыс тауларында, шатқал үстінде көшкін қаупін анықтайтын дыбыстық құрылғылар орнатылды. Ол қардың көлемін, ылғалдығын өлшейді. Дербес қондырғы деректерді жинап, бағдарлама операторына жөнелтіп отырады. Енді бұл істе жасанды интеллектің игілігін көреміз. Өйткені қар көшкіні жүруі мүмкін аймақтарды анықтауға озық технология қолданылады.
Наталья Денисова, университет профессоры:
— Адамдарға қар көшкіні туралы ескерту, менің ойымша, өте маңызды. Қазір бүкіл әлемде осындай технологиялар қолданылады. Математикалық модельдерсіз видеоны өңдеу дұрыс емес деп ойлаймын. Біз деректерді жіберуге мүмкіндік беретін аппараттық құралдарды қолданамыз, температуралық рейкадан деректер қабатпен беріледі.
Ғалымдардың есебі бойынша, құрылғы 90% дәл болжам жасайды. Жүйе дербес, GPS-құралдары мен күн батареяларының аккумуляторлары арқылы жұмыс істейді. Енді мамандар қар қалыңдығын өлшеу үшін тауға шығып әуре болмайды.
Телғат Нұрахмет, филиал басшысының міндетін уақытша атқарушы
— Бұл әдіс біздің мамандардың жұмысын біраз жеңілдетеді.
Көшкін қаупі туралы мәлімет әр 15 минут сайын жаңарып отырады. Әрі ол демалыс күндері 10 мыңнан астам көлік өтетін Өскемен – Таулы Үлбі тасжолына орнатылып отыр.
Арман Наурызбаев, Төтенше жағдайдың алдын алу басқармасы бастығы:
— Қазір мұндай құрылғылар біздің көрші елдерде жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл бізге онлайн режимде қар деңгейін жылдам қарауға мүмкіндік беретіндіктен тиімді болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін алдымен көшкін қаупін ескерту құрылғысы облыстың үш таулы аймағына орнатылады. Зерттеушілер алдағы уақытта қондырғыларды басқа да қажет аймақтарға қоюды жоспарлап отыр.
———————————————