Ұлттық қордан әр балаға 129 доллар аударылады

Ұлттық қордан балалардың шотына 129 доллардан аударылады. Кешелі бері осы ақпарат тарап жатыр. Яғни биыл 7 млн жуық балаға ақша түседі. Бұл 2007 мен 2024 жылдар аралығында туған балаларға қатысты. Олардың 300 мыңы қаражатты игілігіне қазірден жарата алады. Өйткені олар биыл 18-ге толады. Жалпы қазақстандық балаларға 888 млн доллар аударылды. Енді көп ата-ананы баланың шотына ақшаның түскен-түспегенін қайдан және қалай білуге болатыны қызықтырып отыр.
Осы жылғы ақшаның аударылғаны туралы ақпарат ертең жарияланады. Ал жалпы Ұлттық қордан түсетін қаражат туралы ақпаратты kids.enpf.kz арнайы сайтынан білуге болады. Ол үшін баланың жеке сәйкестендіру нөмірін теру керек. Сонымен қатар бұл мәлімет egov.kz порталындағы жеке кабинетте және Halyk, Kaspi.kz. қосымшаларында бар. Айта кетейік, Ұлттық қордан алғашқы аударым былтыр жасалды. Ол кезде 18 жасқа дейінгі әр балаға 100 доллар 52 цент түскен болатын. Бұл – 44 мыңнан астам теңге.
———————————————