Алматыға әлемнің әр түкпірінен ақыл иелері жиналды. Олар халықаралық цифрлық форумда жасанды интеллектің кереметін күнделікті өмірде қалай қолдану керек екенін паш етпекші.
Digital Almaty 2025 форумы басталды. Шара өнеркәсіптегі түбегейлі өзгерістер мен жасанды интеллектің жаһандық индустрия келешегіне арналады. Оған 40 мыңнан аса адам қатысуы кеерк. Дәстүрлі стартап аллеясында 80 халықаралық инновациялық жоба ұсынылмақ. Бұл мыңдаған қатысушыға, соның ішінде инвесторларға жаңа идеялармен танысуға мүмкіндік береді. Қатысушылар 60 мың доллар жүлде қоры мен форум серіктестерінің гранттары үшін жарысады. Айта кетейік, жиынға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанның Үкімет басшылары да қатысып жатыр.
Жаслан Мәдиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
— Биыл Халықаралық жасанды интеллект орталығы Астанадағы EXPO базасында ашылады. Біз Astana Hub-тың сәтті тәжірибесін қайталап, адамдардың барлық санаты үшін оқытудың мүмкіндігін жасаймыз. Алдағы 5 жылда біз 1 миллионға жуық адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек жасанды интеллект стартаптарына арналған кампус, сондай-ақ ірі халықаралық компаниялар орналасатын орталық болады.
Аталған форумға қатысып жатқан Freedom Bank бас атқарушы директоры жасанды интеллектің инвесторларға тиімді тұстарын жеткізді. Сондай-ақ осы осы технология арқылы әрбір адамның инвестор атануына болатынын алға тартты.
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры:
— Негізінде біз бірнеше жыл қатарынан жасанды интеллекті қолданып жүрміз. Ол несиелендіру және кәсіпкерлерге несие беруде қолданылады. Деректерді талдауда мықты көмекші. Сондай-ақ ЖИ қор нарығында тенденцияларды анықтау үшін қаржылық деректер қорын талдауға пайдалануға болады. Бұл – акциялардың болашақ бағасын болжауға мүмкіндік береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.