Енді барлық қазақстандық үй кезегіне тұра алады

Елімізде «Наурыз жұмыскер» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оның аясында жұмысшы мамандық өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беріледі. Өтінім қабылдау 17 наурызда басталады. Енді үй кезегіне тұру үшін жергілікті атқарушы органдардың табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Себебі 24 мамырдан бастап баспана кезегі Отбасы банкіне беріледі. Бұл қаржы ұйымы да сол кезден бастап Ұлттық даму институты ретінде жұмыс істеуді бастамақ..
Инара Барсақбаева, тілші:
— Енді еліміздегі кез келген тұрғын баспанаға кезекке тұра алады. Яғни кәмелет жасқа толған әр адам ешқандай әлеуметтік сантқа кірмесе де, пәтер кезегіне тұруға құқылы. Бірақ ол үшін азаматтың атында 5 жыл үйі болмауы керек. Жаңа ереже 24 мамырдан бастап іске асады.
Қонысбай Үмбетов Ішкі істер органының қызметкері ретінде 2006 жылы үй кезегіне тұрған. Көкшетау қаласының тұрғыны содан бері баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Бүгінде пәтер жалдайды. Тәулігіне бірнеше мәрте осылай телефонынан үй кезегін қарайды.
Қонысбай Үмбетов, қала тұрғыны:
— Қосымша арқылы телефоннан қарап отырамын. 60-шы боп тұрмын. Үйді қашан алатынымды білмеймін. Жасым болса алпыстан асты. Зейнетке шыққаныма да 15 жыл болып қалды. Ал кезекке тұрғанма 20 жыл болды.
Қонысбай Үмбетов сияқты баспана кезегіне тұрғандардың тізімі енді қайта қаралып, бірыңғай база құрылмақшы. Үй сатып алғандар мен ипотека ресімдегендер кезектен шығарылады. Жаңа ереже аясында пәтер кезегі әкімдіктерден алынып, Отбасы банкіне беріледі. Аталған қаржы ұйымы осы кезден бастап Ұлттық даму институты ретінде жұмыс істейді.
Дария Батенова, «Отбасы банк» орталық филиалы басшысының орынбасары
— Үй кезегіне тұрғызу құқығы Отбасы банкіне беріледі. Тұрғын үймен қамту орталығы құрылады. Азаматтар өтінішті онлайн үйден отырып бере алады. Бір терезе қағидасымен оның табысын көре аламыз.
Былтыр елімізде тұрғын үй саясатын реформалау жөнінде заң жобасы қабыланды. Онда мемлекеттің қолдауы арқылы салынатын пәтерлердің 70% әлеуметтік осал топтарға беру мәселесі де қаралған. Атап айтсақ, бұл соғыс ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедек кісілер, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген және өзге елде әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер мен олардың жесір әйелдері.
Дария Батенова, «Отбасы банк» орталық филиалы басшысының орынбасары
— Оларға үй бірінші болып беріледі, қалған 30% кезекте тұрған басқа азаматтарға беріледі. Үй алуға қолайлы жағдай жасаймыз.
Елімізде 653 мың тұрғын баспана кезегінде тұр. Отбасы банк оларды әр тоқсан сайын түгендеп отырады. Ал тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың тізімі банктің ресми сайтында жарияланады.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news