Тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімі кеміді

Тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімі кеміді. Енді медициналық мекемелер дәріні оңды-солды таратпайды. Сонда сырқаты жанына батқан адам не істейді? Ем-домның арзан әрі оңай жолы қайсы?
Тұрсынбек Тоқанаев жиырма жылдан бері қант диабеті диагнозымен есепте тұр. Соңғы жылдары жүрегі де сыр беріп, диспансерлік тізімге алынған. Зейнеткер инсулинді өзі салғанымен, кейбір дәріні стационарға барып, қабылдап жүр. Ішетін препараттың бәрін емханадан тегін алады.
Тұрсынбек Тоқанаев, пациент:
— Қант диабеті мен жүрек ауруына қарсы дәрілерді аламын. Кейбір дәрілер келген жоқ. Ертең терапевтке барамын. Алып жатқаным бұрынғы дәрілер.
Биылдан бастап тегін берілетін дәрінің түрі тағы өзгерді. Денсаулық сақтау министрлігі емге пайдасы аз, көбінің арзан баламасы бар деп он шақты дәріні тізімнен сызып тастаған.
Алина Бөргекова, терапевт-дәрігер:
— Бұрын тізімде «Стопресс Инда», «Периндоприл» және «Индапамид» болған. Қазір тізімнен алып тастапты. Орнына «Стопресс» және «Индапамид» деген бөлек дәрілер бар.
Қан қысымы жоғары жандар ішетін «Периндоприлден» бөлек, «Фуросемид», «Ивабрадин», «Софосбувир» сияқты препарат, ингаляция жасауға арналған «Олодатерол» ерітіндісі, капсуладағы «Прегабалин» енді тегін берілмейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ақысыз таратылып келген «Карведилол» да тізімнен алынды. Аталған дәрілерден басқасы қазір елдегі аурухана мен емханаға таратылып жатыр. Тапшылық болмауға тиіс. Десе де тегін дәріні ала алмай отырғандар бар. Фармацевтикалық бақылау комитеті басшысы мұндай арыздар қаралып жатқанын айтты.
Алмагүл Кенжеханова, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
— Арызды егжей-тегжейлі қарадық. Жаңадан тіркелген науқастар болуы мүмкін. Кейде бесеуіне келетін дәрі 15-іне келетін жағдайлар болады. Бұл кезде Әкімшілік кодексінің 426-бабының 1-тармағында дәрілік заттармен қамтамасыз етілмеген субъектілерге 70 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін әкімшілік шаралар қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігі биыл 1700-ден астам дәрі түрін сатып алу үшін 118 млрд теңге жұмсайды. Тегін дәрілер тізімі әлі де қарастырылады. Әсері аз препараттар қысқартылады. Соңғы рет былтыр қыркүйекте 20 шақты дәрі тізімнен алынып тасталды.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news