10 жастағы қызды зорлаған педофил өмір бойына түрмеге қамалды

Павлодарда 10 жастағы қызға тиіскен педофил сотталды. Есірткі уытына еліткен 30 жастағы жігіт өрімдей өренді қонақүйге әкеліп, жыныстық сипаттағы жымысқы ойын іске асырған. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Бірақ ол үкімді жұмсартуға сеп болмады. Кәмелет жасына толмаған қызды қорлаған азаматқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Айыпталушы футбол орталығында менеджер болып жұмыс істеп келген. Жәбірленуші қыз бала өткен жазда сол спорт секциясына жазылған. Қаршадай қызды қонақүйге алдап әкеліп, кешен әкімшісіне оны «қарындасым» деп таныстырған еркек оңаша бөлмеде арам ойын іске асырған.

Құдабай Сұлтанов, мамандандырылған ауданаралық сот судьясы:
— Айыпталушы танысымен кездесіп, спирттік ішімдік пен психотропты заттар қолданған. Өзінің айтуынша, қонаүйге қалай келгенін білмейтін көрінеді. Есін жиып, жанында жатқан жартылай жалаңаш футболшы өренді көргенде ғана заңсыз әрекетке барғанын түсінген. Жасаған ісін мойындап тұр. Дегенмен жаза тағайындау барысында оның мас болғаны жағдайды жеңілдетпейді.
Жәбір көрген қыз психологтың көмегіне жүгінді. Ол қорыққанынан айқайлауға мұршасы болмағанын айтады. Айыпталушы қолымен қыздың аузын жауып, мұрнына психотропты ұнтақ сепкен. Сараптама нәтижесімен баланың қан құрамында мефедрон болғаны анықталды.
Құдабай Сұлтанов, мамандандырылған ауданаралық сот судьясы:
— Қылмыстық кодекстің 121 баптың 4-бөлімі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру және балаларға қатысты педагогикалық қызметпен айналысуына да шектеу қойылады. Қылмыстық кодекстің 299 бабы 3-бөлімінің 1 және 2 тармағына сәйкес, 8 жыл абақтыға жабылады. Соңғы үкім бойынша өмір бойына түрмеге қамау жазасы тағайындалды.
Соттың соңғы үкімін естіген 30 жастағы жігіт көз жасына ерік берді. Өзінің де бала-шағасы бар екен. Дегенмен іске төрелік еткен судья мұндай ауыр қылмысқа баламалы жаза қолданылмайтынын жеткізді. Одан бөлек сотталушы жәбірленушінің отбасына 3 миллион теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Айыпталушы сот шешімімен келіспеген жағдайда апелляциялық тәртіппен жоғары инстанцияларға жүгінуге құқылы.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news