Ақтөбелік емші адамдарға гипноз арқылы несие алғызған

Емшіге бардың, есіңнен айрылдың! Ақтөбеде гипнозбен 50-ден аса адамға 160 миллион теңге несие рәсімдеп жіберген емші ұсталды. Жұртқа «Сұлушаш емші» есімімен танымал адамнан зардап шеккендер болса, полицейлер хабарласуын сұрайды.
Дауа іздеп емшіге барған халық емнің орнына қарызға батты. Бақсы алдына келгендердің әрқайсына 1 миллионнан 30 миллионға дейін несие алғызып, ақшаны қалтасына басып отырған. Қызының дертіне ем іздеген Гүлбану Науанова да алаяқтың арбауына қалай түскенін білмей қалған.
Гүлбану Науанова, жәбірленуші:
— «Маған ақшалай көмек керек еді. Несие алып бере аласыз ба?», — деді. Сосын телефонымды алып, 1 млн теңгеге өтінім берді. Банк бірден келісім берді. Сосын тағы 500 мың теңгеге өтінім берді. Кейін картасына аударым жасауымды сұрады. Сөйтіп, ақшаны жібердім.
Бұл аздай емші Гүлбану Науанованың күйеуін де емге алдырған. Зіңгіттей жігіт қалай өз атына қалай несие рәсімдеп, оны алдында отырған емшіге аударғанын түсінбей жүр. Ақшаны қайтаруды талап еткендерді қарғап, «ешқашан жолың болмайтындай етемін» деп қорқытқан.
Ерболат Сарқұлов, ПД баспасөз қызметінің басшысы:
— Қазіргі таңда 50-ден астам жәбірленіші арыз жазды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Келтірілген шығын 160 миллион теңгені құрайды. Зардап шеккендер Әйтеке би 21 мекенжайында орналасқан Ақтөбе полициясына келіп, арыз жаза алады.
Аңқау елге арамза молда болған емшінің әрекеті расталса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал бас-басына несие алған, миллиондап қарызға кірген жұрт не істемек?
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news