Шыршаны безендіру кезінде құлаған мұғалімнің ісі бойынша күдікті табылды

Семейде шыршаны безендіру кезінде 5 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиевтің ісі бойынша күдікті табылды. Ол – қала әкімінің орынбасары. Ұстазды қызметтік міндетіне кірмейтін жұмысқа тартқан. Қазір «Лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану» бабы бойынша тергеу жүргізілуде.
«Бұған дейін бас сүйегі сынып, миы шайқалған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің жағдайы мәз емес», — дейді жұбайы. Өздігінен жүріп тұра алмайды, жанына күтуші керек екен. Тіпті күрделі ота жасатып, басына пластик орнатпақ. Еңбек инспекциясының өкілдері тергеу жүргізіп, жұмыс берушінің толық кінәсін анықтады. Осы оқиғадан кейін қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, үш мектептің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды. Айта кету керек, 6 жыл бұрын Президент «Педагог мәртебесі» Заңына қол қойған. Онда мұғалімнің құқықтары айқын көрсетіліп, артық жұмысқа салмау тайға таңба басқандай жазылған.
Нұржан Есенжолов, қала әкімінің аппарат басшысы:
— Қызметкерді шектеу туралы тергеу судьясынан біз ешқандай қаулы алған жоқпыз. Демек, бүгінгі таңда әкімнің орынбасары өзінің қызметін атқаруда. Бүгін жалақысы сақтаусыз біркүндік демалысқа сұранған болатын.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news