Депутаттар МӘМС жүйесін уақытша тоқтата тұруды ұсынды

Дәрігерлер әлі тісі шықпаған 6 айлық баланың тісін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен емдемек болған. Ал бір аурухана бір күнде бір адамға 32 рет қызмет көрсетті деп есеп берген. Бұл медициналық сақтандыру қорынан артық ақша алу үшін берілген жалған мәліметтің бір парасы ғана. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысына көңілі толмаған депутаттар министрге бұл қызметті уақытша тоқтата тұруды ұсынды.
Гүлвира Сейтенова, тілші:
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қазіргі жүйесі халыққа емес, емдеу мекемелерінің басшыларына ғана тиімді болып тұр. Әр көрсетілген қызметі үшін ақы алатын ақ халаттылар «осындай ем жасадық» деп жалған жазып, қор ақшасын тоқтаусыз сорып отыр.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты:
— Қорға тиісті ауруханалар «6 айдағы баланың қанқұртын емдедік, әлдебір адамның 82 тісін емдедік» деген сияқты есеп беріп, қаражатты талап еткен. Бірақ қор бұны дер кезінде анықтап, оған тиісті қаражатты төлемедік деп ақпарат берді. Яғни жүйеде осындай тәуекелдер көп.
«Буын-сүйек ауруларын бұрын рентгенсіз-ақ анықтайтын дәрігерлер қазір науқасты рентгенге, одан кейін компьютерлік томографияға, сосын МРТ және басқа бітпейтін тексеруге жібереді. Бұның бәрі ақша табудың амалы», — дейді Асхат Аймағамбетов. Аудиторлар да МӘМС жүйесіндегі біраз былықтың бетін ашып отыр. Мысалы, ақпараттық жүйеде науқастарға 56 млн қызмет көрсеткені үшін 28 млрд теңге жұмсалды делінген, алайда оны дәлелдейтін ешбір құжат жоқ.
Нұрлан Нұржанов, Жоғары аудиторлық палатасы мүшесі:
— Азаматтарға ақылы қызметтер есебінен де, тегін кепілдендірілген медициналық көмек және медициналық сақтандыру қаражаты есебінен де, яғни екі көзден 10 мыңнан астам қызмет көрсетіліп 4,2 млрд теңге сомасында қаржы жұмсалып, сәйкессіздік орын алған.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев жетілмеген жүйені уақытша тоқтата тұруды ұсынды. Мәжілісменнің айтуынша, МӘМС-ке 70% ақшаны бәрібір мемлекет төлейді.
Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:
— Біз осы МӘМС-ті енгізу арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Қазіргі жүйе де жұмыс істемейді, халық қайда барып ем аларын білмейді. Сондықтан онсыз да басы қатып жүрген елдің басын қатырмай, мүмкіндік болса, осы МӘМС-ті жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, тоқтата тұрмасқа?
Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау министрі:
— Жаңадан жасалған жүйе болғасын кемшіліктері болып жатыр. Сіздермен бірлесе отырып, біз бұл кемшілікті жоямыз деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрі тиісті жұмыстарды бүгін бастап кетті. Сондықтан жүйені әрі қарай қолдап, жетілдіруді қажет етеді деп білемін.
Ал Ерлан Сайыров бірнеше жерде жұмыс істеп, барлық жақтан жарна төлейтіндердің көкейіндегі сауалды қойды.
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
— МӘМС жүйесі бойынша азаматтар екі жерде жұмыс істесе, екі жерде жарна төлеуі қажет. Тағы да сорақысы – егер бұл азаматтар сол бір жылдың ішінде белгілі бір қызмет алмаса, ол қаржы жойылып кетеді. Ол бір жыл ішінде ешқандай қызмет алмаса, онда келесі жылы сол қаржыға қызмет алуға құқылы болуы керек. Осындай МӘМС-ті қашан құрамыз?
Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау министрі:
— 2-3 жерде жұмыс істейтін азаматтардың барлық жерден жарнапұлдары ұсталынады деген мәселе бар. Бірақ барлығын қосқанда олар 850 мың теңгеден, яғни 10 еселенген төменгі жалақы көлемінен аспауы керек. Асқан жағдайда МӘМС-тің жергілікті филиалына арыз жазып, үстіндегі қаражатты қайтаруға мүмкіншілігі бар.
Гүлвира Сейтенова, тілші:
— Халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне сенімі өте төмен. «Жұртты ынталандыратындай жағдай жасау керек», — деп есептейді депутат Асхат Аймағамбетов. Ол қызметкердің жарнасының бір бөлігін жеке шотқа аудару арқылы жеке жинақ қалыптастыру мүмкіндігін беруді ұсынады. Бұл жарна сомасының 30-50% құрауы мүмкін. Жиналған қаражатты азамат өз қалауы бойынша емделуге, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы немесе жинақ ретінде сақтауға құқылы болуға тиіс.
———————————————