Ақтөбелік келіншек дөнер жеймін деп бір тісінен айырылды

Дөнер жеймін деп бір тісінен айырылды. Ақтөбеде осындай жағдайға тап болған 37 жастағы әйел дәмхана иесін сотқа берді. Қаладағы тамақтану орындарының біріне барған келіншек донердің ішінен ұзындығы 2 сантиметр темір тауып алған. Бұл заттың тағамға қалай түскені белгісіз. Тұтынушы дереу дәмхана иесін шақыруды сұраған. Бірақ өтініші орындалмапты. Даяшы кінәні жуып-шаю үшін донер орнына тәтті тоқаш беріп құтылмақ болған. Алайда үйіне барған соң әйелдің тісі қатты ауырып, оны жұлып тастауға тура келген. Енді дәмхана иесі зардап шеккен тұрғынның тісін емдеуге және моральдық өтемақыға 1 млн 80 мың теңге төлейді. Сот осындай шешім шығарды.
Жансая Тайырова, Облыстық Соттың бас маманы:
— Сот белгіленген мән-жайлар негізінде заңнаманың талабын басшылыққа ала отырып, талап заңды және заңды негізделген деген қорытындыға келді. Соттың шешімімен 600 мың теңгеден астам материалдық залалды және 400 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтемақысын өндірді.
———————————————