Туабітті жүрегінде ақауы бар нәрестеге жасалған операция сәтті аяқталды. Шымкенттік хирургтар мұндай күрделі опрацияны алғаш рет қолға алды. Шала туған шаранада жатырішілік инфекция болған.
Жазира Нұрман, нәрестенің анасы:
— Осы жақтағы дәрігерлер жүрегінде ақау бар деген диагноз қойды. Ота жасалды, қазір балада бәрі жақсы.
«Сәби туғанда салмағы екі келі бір жүз грамм ғана болған. Қазір сәл ет қосып, тамақтана бастады», — дейді дәрігерлер.
Гүлмира Бұдықова, Перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары
— Зерттеу мен емдеу нәтижесінде ашық артериялық проток анықталды. Оның диаметрі 0,4 см болғандықтан, бұл жағдай гемодинамикалық тұрғыдан маңызды болды. Ем-дом ешқандай нәтижде бермегендіктен, кардиохирургтар операция жасау туралы шешім қабылдады. Сәби әзірге реанимацияда болады.
Енді перинаталдық орталықта жүкті әйелдерге де операция жасау жоспарланып отыр. Ол үшін мекемеге замануи технологиямен жұмыс істейтін құрал-жабдық жеткізіліп жатыр.
Гүлбану Сыздықова, Перинаталдық орталықтың бас дәрігері:
— Материалдық-техникалық базаны күшейту, дәрігерлер мен орта буын қызметкерлеріміздің оқуын әрі қарай жалғастыру және 2025 жылы жаңа туылған нәрестелерге көз ақауы болған кезде операция жасау жоспарланып отыр.
Шымкент шаһарында былтыр 30 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Жалпы нәресте өлімі 2 есе, туа бітті ақауы бар бала саны 3 есе азайған. Өйткені дәрігерлер сырқатты ерте анықтап, ананың жатырында жатқан сәттен емдеуді қолға алған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.