Қазақстанға төл жылқы тұқымы қажет пе? Қостанай облысындағы «Қазақ тұлпары» зауытының мамандары бес жылдан бері осы сауалға жауап іздеп келеді. Ғылыми еңбектің нәтижесінде шыққан ел аумағындағы жалғыз жылқы түрі жойылып кетуі мүмкін. Республиканың бетке ұстар брендіне айналған асылтұқымды жануар санын көбейту мүмкін болмай отыр. Отандық сәйгүлікті сақтап қалуға не кедергі?
«Қазақ тұлпары» ат өсіру зауытының қорасы кезінде лық толы болатын. Қазір бая-аяғы 91 бас жылқы қалған. Оның 77-сі асылтұқымды. Қостанайлық атбегілер осыған да тәубе деп отыр. Өйткені былтыр қыс қатты болып, 40 шақты ғана түлік аман қалған.
Елена Лукьянова, шабандоз:
— Соңғы 5 жылда зауыттың жағдайы қиындап кетті. Жем-шөптен қысылдық, шамам жеткенше жан-жақтан әкелуге тырыстым. Бірақ бірнеше үйірдің бәрін қамтуға күшім жетпеді.
«1988 жылы қазақтың далалық жылқысын дон және астрахан сәйгүліктерімен будандастыру нәтижесінде пайда болған қостанайлық тұқымнан айырылып қала жаздаған кездер көп болды», — дейді мамандар. Отандық түлік шыдамдылығы һәм жылдамдығымен ерекшеленеді. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аламан бәйгеде алдына жан салмайтын асылтұқымды жануарларды қорғау туралы заңға қол қойды. Енді қостанайлық атбегілер республикалық қазынадан қаржы бөлінгенін күтіп жүр. Зауыт қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауына өтіп, ғылыми және қаржылай қолдау тетіктері қарастырылып жатыр.
Ғайния Есеева, облыстық мәслихат депутаты:
— Зауыт жұмысымен енді Ұлттық аграрлық ғылыми шолу орталығы айналысады. Субсидиялау жөнінде есеп-қисап жүргізіліп, қайта түлетудің сметасы нақтыланды. Әр бас жылқыға шамамен 2,5 миллион теңге бөлінеді.
Зауыт әзірге кәсіпорынға тиесілі аумаққа егілген бидайды сатып күнелтіп келеді. Жем-шөп қорын да өздері дайындайды. Десе де Қамбар ата тұқымын өрбітуші мекеме көп ұзамай мемлекеттен қолдау болатынына сенімді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.