Есік қағып тұрған бұл бір топ тұрғын үй жануарын сатушы келіншекке алданып қалған. Сөздерінше, ол ауру мысықтарды сатып жүр. Зардап шеккендердің бірі – Ұлжан Алиева. Жарнамаға қызығып, баласының туған күніне 40 мың теңгеге ерекше тұқымды шотландиялық мысық алған. Алайда үй жануары келесі күні өліп қалған.
Ұлжан Алиева, қала тұрғыны:
— Мысақ баламның көз алдында өлді. Ол сол жерде стресс алды, қызуы көтерілді. Медемханада мысықтың обамен ауыратынын, тірі қалмайтынын айтты. Сатушы ауру мысықтарды үйінде ұстайды. 15 шақты мысық.
Ұлжан тәрізді онлайн платформадан ауру мысық сатып алған ондаған азамат бар. Оларға келтірілген шығын көлемі 10 млн теңгеден асады.
Әлия Дәуітова, қала тұрғыны:
— Мен мысықты 80 мың теңгеге сатып алдым. Қаншама адам мысықтың нашар күйін көріп күйзеліске түсті. Біздің жанайқайымызды жауапты мекемелер назарға алса деймін.
Мысық сатушы үй жануарларын өзінің баспанасында ұстайды. Бұл көршілердің де наразылығын тудырып отыр. Өйткені баспанадан жағымсыз иіс шығады.
Бұл мәселе жан-жануарларды қорғау ұйымының өкілдерін де бей-жай қалдырмады. Айтуларынша, сатушылар мысықтарды тиісті санитарлық талапқа сай ұстауы керек.
Константин Плахов, зоолог маманы:
— Оның мысықтарын медициналық тексерістен өткізу керек. Бұл үлкен айғақ болады. Дені сау жануарлардың мөрі басылған барлық ветеринарлық анықтамалары болуы керек. Бұл құжаттар аурулардың жоқтығын растайды. Мысық сатып аларда осы жайттарға назар аударған дұрыс.
Біз мысық сатушы әйелдің өзіне хабарласып көрдік. Бірақ Астанадан екенімізді айтқан бойда телефонды қоя салды.
Инара Барсақбаева, тілші:
— Зардап шеккендердің айтуынша, үй жануарларын сатушы келіншек бүгінде онлайн платформаларда жарнамасын емін-еркін орналастырып жүр. Сондықтан ауру мысық алып алданғандардың саны артпаса азаймасы анық. «Өкініп қалмас үшін мұндай хабарландыруларға мұқият мән беріп, егжей-тегжейлі зерттеп алған жөн», — дейді мамандар.
Бұл мәселені шешудің жолы – мысық сатушы келіншекті жазаға тарту. Сондықтан тұрғындар құзырлы органдарға шағымданатынын айтады.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.