Ұлттық лигаға кіретін ақтөбелік баскетбол командасы жабылуы мүмкін

Ақтөбеде Қазақстан Ұлттық лигасының құрамына кіретін тұңғыш кәсіби баскетбол клубы жабылуы мүмкін. Себебі шенеуніктер жергілікті бюджеттен қаржыландыруды қысқартпақ. Ал спортшылар мұның әдейі жасалып отырғанын айтады.
«Ақтөбе» кәсіби басткетбол клубында балалар ғана қалмақ. Ерлер мен әйелдер командасы жабылады. Мұндай жағымсыз жаңалықты жақында ғана естіген спортшылар жағасын ұстады. Баскетболшылар осыған дейін жақсы нәтиже көрсетіп келген. Мәселен 2023-2024 жылдары олар ел кубогы мен чемпионатында үздік үштіктен түспеген.
Ажар Елеусізова, «Ақтөбе» баскетбол клубының ойыншысы:
— Мұндай шешім мүлдем дұрыс емес. Артымыздан ерген жастарға үлгі көрсетіп келе жатқан командаларды қалай жабады? Мен Ұлттық лигада өз қаламның атын шығарғым келеді. Біздің қыздар құрамасы небәрі екі жылда талай жүлделі орынға ие болды.
Бұл мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қаралған. Есеп берген депутаттардың бірі клубтың жетістігіне көңілі толмайтынын айтып, легионерлер бар екенін тілге тиек еткен. Сондықтан бюджетті 330 миллион теңгеден 90 миллионға дейін қысқарту керек деп бастама көтерген. Ал шенеуніктер арасында бұл бастама қолдау тапқан.
Шыңғыс Шоқпұтов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а.:
— Расында ерлер құрамасы ешқандай нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Сондықтан осыны ескере келе біз кәсіби клубқа бөлінетін бюджетті қысқартып, қаржыны балалар командасына салсақ.
Командалардың жабылуына баскетбол федерациясының өкілдері де үзілді-кесілді қарсы. Мұндай шешім аймақта олимпиада спорттың дамуына тосқауыл деген пкірде.
Руслан Зельдинов, Баскетбол федерациясы төрағасының орынбасары:
— Командаларды жабатын болса, жастар ертең қайда барады? Болашақты ойлау керек қой. Дәл осы бастаманы көтерген депутат көкпар федерациясына жетекшілік етеді. Олай болса, неге осыны өздерінен бастамайды?
Бүгінде құрамада төрт легионер бар. Олардың жалақысына жарты миллион теңге шамасында кетеді. Ал негізгі сома клубтың дамуы мен залды жалға алуға жұмсалады. Өйткені баскетболшылардың дайындалатын жеке жері жоқ.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk