Қазақ жігіті Apple компаниясында басшылық қызмет атқарады

Қазақ жігіті Apple компаниясында басшылық қызмет атқарады. Ақтөбелік 29 жастағы Әділхан Қопаев Орталық Азия мен Армения аймағын қадағалайды. Ал астаналық жас өнертапқыш тұрмыстық қалдықты тастайтын ақылды жәшікті ойлап тапты.
Қол тигізбей ашылатын қоқыс жәшігін несімен таңғалдырды?
Дарын – адам бойындағы ерекше қабілет. Дарынды бала ортада қабілетімен, зияткерлігімен міндетті түрде көзге түседі. Шетел асып, түрлі интелектуалды сайыста көк байрағымызды желбіретіп жүрген жастар да аз емес. Демек, оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Жастайынан ғылымға бет бұрған оқушылардың бірі – Бақтығали Ерланұлы. Ол Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы. Кішкентайынан түрлі роботты құрастырған Бақтығали ақылды қоқыс жәшігін ұсынды.
Бақтығали Ерланұлы, жас өнертапқыш:
— Қазіргі заманда неше түрлі химикат шығып жатыр. Олардың барлығын қоқыс жәшікке тастаймын. Ал оның қақпағы ашық тұрады. Ол біз жұтып жүрген ауаға зиян. Яғни, өзімізге зиян келтіріп жүрміз. Түрлі ауру да жұғып кетуі мүмкін. Сондықтан осындай ақылды қоқыс жәшігін жасап шығардым.
Жәшіктің қақпағын қолмен, не аяқпен ашып жүрмейсіз. Жақындаған сәтте өзі ашылады. Мұндай жәшіктер нарықта бар болса да, Бақтығали үшін ол ерекше. Өйткені Қазақстанда жасалған. Алдағы уақытта жас өнертапқыш бұл жұмысын жетілдіргісі келеді. Оның идеясын алғашқы болып қолдап жүзеге асуына ат салысқан сынып жетекшісі Мағжан Дәнекбаев.
Мағжан Дәнекбаев, сынып жетекшісі:
— Өзі келіп, осындай жұмыс жасасақ қалай болады деп ұсыныс жасады. Мен қолдадым. Мен тек бағдарлаам жасауда нұсқау көрсеттім. Қалғанын өзі жасады.
4-сынып оқушысы Нұрдәулет Айтбай да дарындылығымен көзге түсті. Ол «Аспаптар дыбысы» атты мобильді қосымшасын ойлап тапты. Онда түрлі ұлттың аспаптарымен танысып, әуендерін тыңдауға болады.
Нұрдәулет Айтбай, жас өнертапқыш:
— Жаратылыстану, дүниетану пәндерінде әртүрлі ұлтты өтеміз. Сол кезде олардың ұлттық аспаптары туралы да айтамыз. Мен сол аспаптар туралы ақпарат пен әуендерін білгім келді. Сол үшін осы қосымшаны ойлап шығардым.
Қазір білімінің арқасында елімізді әлемге танытып жатқан жастар көбейіп жатыр. Мысалы, бірер күн бұрын 29 жастағы қазақ жігіті Әділхан Қопабаев Apple корпорациясында басшылық қызметке тағайындалды. Отандасымыз Орталық Азия мен Армения аймағын басқарады.
Мағжан Үйсінбай, тілші:
— Білімді елдің болашағы баянды. Талапты баладан шығармашыл тұлғаны қалыптастыру ата-аның да, ұстаздың да міндеті.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk