Астанада 21 жастағы жігіт туыстарын бауыздап тастады

Жаға ұстатарлық жағдай. Астанада 21 жастағы жігіт туыстарын бауыздап тастады. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасылық жанжалға компьютерлік ойын себеп болған. Жалпы осы қырып-жоюға үгіттейтін онлайн ойындарды бақылау мүмкін бе? Үлкен-кішінің санасын улап жатқан әлеуметтік желіге бір тыйым бола ма?
Инара Барсақбаева, тілші:
— Жантүршілегрлік оқиға 17 қаңтар түнгі 3-4 тер шамасында болған. Қазір пәтердің темір есігі мөрленген. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл үйде апалы-сіңлілі үш әйел мен 21 жастағы інісі мен 28 жастағы ағасы тұрған.
Бұл пәтерде тұрған 21 жастағы күдікті өз туыстарын пышақтаған. Бір туысын өлтіріп, тағы үшеуін ауыр жарақаттады. Осы жантүршігерлік жағдайдан кейін көршілер де балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын айтады.
Жанат Бабатай, қала тұрғыны:
— Әрине, мазамыз кетті. Екі-үш күн ұйықтаған жоқпын. Учаскелік полиция инспекторын шақыртып, сөйлескім келген. Сіздерден артығын білмеймін.
Көршілердің сөздерінше, бұл отбасы пәтерді жалдап тұрған. Осыдан 2-3 ай бұрын көшіп келген. Полицияның хабарлауынша, отбасылық жанжалға компьютерлік ойын себеп болған. Смартфон арқылы ойын ойнап отырған жігіттен әпкесі телефонды сөндіруді сұраған. Алайда ол бұл өтінішті елемей, ойынын жалғастыра берген. Екінші мәрте ескерту жасалғанда ашуланып, қылмысқа барған.
Диас Тоқатов, полиция басқармасының бастығы:
— Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша жанжалдың пайда болуына күдіктіге өзінің туыстары жасаған ескерту себеп болды. Қазіргі уақытта толық анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл оқиғаға қатысты психологтардың пайымын сұрап білдік. Олардың айтуынша, виртуалды атыс-шабыс ойындарына жастар өте әуес. Сондықтан бұл ойындардың жас буын өкілдеріне тигізер зияны көп екенін алға тартады. Өйткені мұнда қайырымсыздық және қатыгездік сияқты теріс қылықтар үгіттеледі.
Балабек Сақтағанов, психолог:
— Компьютерлік ойында адам виртуалды әлемге өтіп кетеді. Шынайы өмірден ажырайды. Шекараны ажырата алмай қалады. Біреуге зақым келтіруі, өзінің әрекетін басқара алмауы мүмкін. Мінез-құлқы өзгереді.
Дәрігерлердің мәліметінше, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен адамдардың қазіргі жағдайы бір қалыпты. Ал 21 жастағы күдікті қамауда, оның үстінен кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk