Өңірлерде картоп қымбаттады

Ақтөбеде картоп азая бастаған. Осы құбылысты пайдаланған алып-сатарлар бағаны көтеріп жіберді. Қазір өңірде бұл көкөніс түрінің келісі – 300-400 теңге. Сапасы да нашар. Сондықтан жергілікті билік тұрақтандыру қоймасындағы көкөністі нарыққа шығара бастады. Сөйтіп, әлеуметтік дүкенде картоптың келісі 119 теңгеге түсті. Ал Солтүстік Қазақстан облысында жағдай қалай?
Ақтөбелік Валентина Картавенко картоп сатып алу үшін әлеуметтік дүкенге барды. Қазір мұнда көкөністің келісі 119 теңге тұрады.
Валентина Картавенко, зейнеткер:
— Кәдімгі дүкендерде картоп 400 теңгеге барады. Сондықтан әлеуметтік дүкенге барамын. Сапасы жақсы болмаса да, қалтаны қақпайды.
Думан Дәулетияров, кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
— Мониторинг бойынша «Әнуар» мен «Дина» супермаркеттерінде тек тұрақтандыру қоймасының картобы бар. Басқа дүкендерде де біздің жергілікті картоп бар. Оның бағасы 299 теңге шамасында. Басқа аудардармен сөйлесіп, жеткізу бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.
Ал аграрлық аймақ – Солтүстік Қазақстан облысында жағдай қатаң бақылауда. Сауда орындарында көкөністің бұл түрі жеткілікті. Бірақ баға әр жерде әртүрлі. Әлеуметтік маңызды тауар түрлерін сатып алу үшін облыстық бюджеттен былтыр 2,5 милилард теңге бөлінген.
Гамали Жұмашов, «Солтүстік» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
— Картоп қоймаларда сақтаулы тұр. Сапасы жақсы. Бір келісін 97 теңгеден жөнелтіп жатырмыз. Өзіміздің сауда орындарымыздан бөлек 50 шақты дүкенге жеткізіледі.
Картоп – халық ең көп тұтынатын көкөніс. Сол себепті әкімдік өкілдері әркез мониторинг жүргізіп тұрмақ.
Самат Қайырденұлы, тілші:
— Сала мамандарының айтуынша, өңірде картоп тапшылығы жоқ. Қазір тұрақтандыру қорында оның 1200 тоннасы бар. Аптасына 3-4 мәрте ірі сауда орындарына жеткізіліп тұрады. Жергілікті билік өкілдері болса бағаның өзге облыстардағы секілді қымбаттауына жол бермейміз деп сендіріп отыр.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk