Үкімет картопты басқа елдерге шығаруға шектеу қойды

Өндірушілер оны Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресейге ғана сата алады. Сөйтсе де ішкі нарық картопсыз қалмайды деп отыр билік өкілдері.
Гүлвира Сейтенова, тілші:
— Картоптың күрт қымбаттауына экспорт себеп. Үкіметтегілер солай дейді. Біздің картопқа сырттан сұраныс 1,5 есе артқан. Әсіресе өзбек ағайындар қоңыр көкөністі молынан алып кетіп жатыр екен. Жыл басталғалы 605 мың тонна картобымыз шекара асырылған.
Бұл жағдай ішкі нарыққа әсерін тигізбей қоймады. Баға шарықтай жөнелді. Оны тұрақтандыру үшін билік картопты сыртқа шығаруға тыйым салды.
ҚР ҮКІМЕТІ:
«Картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды».
«Ішкі нарық картопсыз қалады деп уайымдаудың қажеті жоқ. Қолда бар қор жаңа өнім піскенше жетеді», — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері.
Назгүл Хатепова, АШМ департамент директоры:
— Қазір ішкі нарықта картоптың қоры ішкі тұтыну көлемін толығымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Картоп өсірушілер одағының ақпаратына сәйкес, қазір 600 мың тонна картоп қоры негізгі тауар өндірушілерде сақталған. Бұдан бөлек, тұрақтандыру қорларында 68 мың тонна картоп сақтаулы.
Ел бойынша ең қымбат картоп Шымкентте, келісі – 490 теңге. Астанада – 455, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында 400-440 теңгеге жеткен. Қызылордада – 360, Павлодарда – 350, Қостанайда – 345 теңге. Ең арзан өнім Орал мен Петропавлда, 280-300 теңге арасында сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорының картобы Астанадағы супермаркеттер желісіне 185 теңгеден қойылған. Сапасы көңіл көншітпесе де, бағасына бола, тұрғындар жақсысын іріктеп алып кетіп жатыр.
Риза Мүсілімова, «Астана» ӘКК департамент директоры:
— «Magnum» сауда желісінен сұрадық, іріктеліп сеткаға салынған картоп 455 теңгеден. Оны «Magnum» өздері жүзеге асырады, бірақ іріктелмеген келісі 185 теңгеден тұратыны да бар.
Ал Сауда министрлігі сатушыларға картоптың әлеуметтік маңызды тауар екенін еске салады. Сондықтан оның үстемесі 15% аспауы қажет. Құзырлы орган бағаны бақылауды күшейтті.
Тойгүл Жұбанысова, сауда комитетінің баспасөз хатшысы:
— Кейбір өңірлерде, соның ішінде Астана қаласында картоп бағасының бірден өсуі байқалып жатыр. Өткен жылдың соңы мен қазіргі уақытқа дейін картоп бағасының үстемесін негізсіз көтерген дерек бойынша 341 әкімшілік іс қозғалды. Соның 45-сі бойынша тексеріс жүріп жатыр.
Мамандар халық биыл 675 мың тонна картоп тұтынады деп болжап қойған. Бірақ еркін саудадағы бағасы түспесе, тұрғындардың көбі картоп жеуді азайтатын түрі бар.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk