Астана жұрты ешқайда шыға алмай отыр. Сыртқа шығып-кіретін жолдар жабық. Дәл қазір Қарағанды жақта жүздеген көлік діттеген жеріне жете алмай, кептеліп тұр. Себебі далада ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран. Кейбір жүргізушілер бұрқасынның басылуын күтпей жолға шығып кетіп жатыр. Салдарынан жол апаты жиіледі. Екі ортада құтқарушылар әбігерге түсіп жатыр. Аударылған автобус пен қар құрсауында қалған жолаушыны құтқарып әлек. «Жұт жеті ағайынды» демекші, көктайғақ та кедергі келтіруде.
Инара Барсақбаева, тілші:
— Бұл – Астана – Көкшетау республикалық маңызы бар тасжолы. Боран мен жол көрінуінің нашарлауына байланысты мұнда көлік қозғалысы толығымен шектелді. Ұзын-сонар кезекте тұрған көлік иелері кешеден бері діттеген жерлеріне шыға алмай отыр.
Жолда қалған жолаушылардың бірі – Ернұр Әбілбаев. Кеше кешке ауылына бет алған. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан бір тәулік бойы Астанадан шыға алмай тұрып қалғанын айтады.
Ернұр Әбілбаев, қала тұрғыны:
— Жол кешеден бері ашылмады, қаншама көлік әлі тұр. Көбі қайтып кетіп жатыр. Келеді, тексереді, қайтадан кетеді. Ауылда жер үйде тұрамыз, пеш жағамыз, бала-шағамды уайымдап тұрмын.
Көктайғақ пен ақ түтек боран көлік жүргізушілерін біраз әбігерге салды. Олар тасжолдың жабылатыны туралы хабарлама ұялы телефондарына келмегенін айтады.
Нағашыбай Әліп, қала тұрғыны:
— Таңертеңгі сағат сегізден бері тұрмыз. Ауылда тұрамыз. Кеше жұмысқа келдік. Бүгін ауысымнан қайтып бара жатырмыз.
Ауа райының қолайсыздығынан жол-көлік оқиғалары да жиіледі. Қатты желдің кесірінен Қарағандыдан Ботақараға бара жатқан автобус аударылып қалды. Қоғамдық көлікте 17 адам болған. Зардап шеккендер жоқ. Полицейлер оқиға орнына жедел жетіп, жолаушыларға көмек көрсетті. Ақ түтек боран салдарынан кейбір әуе рейстері де кейінге шегерілді. Айталық, Астанада ел іші мен шетелге ұшатын жеті ұшақ кешікті. Елордаға келуге тиіс 14 рейс те уақытында жете алмады.
Науат Айтуғанова, Халықаралық әуежайдың PR қызметі басшысы:
— Алматы мен Ақтөбеден және халықаралық рейтсерден Дубай қаласынан ұшып келетін рейстер кешікті. Ұшып кететін рейстерден: Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе қалалары. Жолаушылар рейстер туралы ақпаратты әуежайдың ресми сайтынан біле алады.
Еліміздің төрт өңірінде боранға байланысты күре жолдар жабылып, қозғалыс қиындады. Атап айтсақ, Астанадан Павлодар, Көкшетау, Қабанбай батыр ауылы мен Қарағандыға баратын жолдарда қозғалыс шектелді. Жалпы жыл басталғалы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 390 рет жабылған. 1500-ға жуық адам қар құрсауынан құтқарылды. Синоптиктердің болжауынша, жел тағы бірнеше күнге созылып, көктайғақ болады. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарға алыс жолға шығу қауіпті екенін ескертеді.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.