Криптовалютамен заңсыз айналысқандар сотталды

Петропавлда криптовалютаны рұқсатсыз қабылдап, айырбастаумен айналысқан үш азамат сотталды. Олар осы заңсыз әрекет арқылы 700 миллион теңге пайда тапқан. Енді алаяқтық жолмен жинаған дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекетке қайтарылып жатыр.
Самат Қайырденұлы, тілші:
— Оңай олжа табамын деп заңды белшесінен басқан Петропавл қаласының үш тұрғыны темір торға қамалды. Олар лицензиясыз криптовалюта қабылдау және айырбастау оперцияларын жүргізіп, цифрлық активтерді заңсыз айналымға шығарып отырған. Бұл іспен бір жарым ай шұғылданған. Оларды қаржылық мониторинг агенттігінің өңірдегі қызметкерлері қолға түсірді. Қылмыстары толық дәлелденді.
Виктория Алпеева, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма бастығы:
— Бұл қылмысты ұйымдастырушылар цирфрлық активтерді ұлттық валютаға айырбастаған. Салдарынан заңсыз ақша айналымының жалпы көлемі 681 миллион теңге болды. Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын 380 адам осы үш жігітпен криптовалюта бойынша транзакция жасаған.
Самат Қайырденұлы, тілші:
— Сот шешімімен жалпы құны 400 миллион теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның 10 миллионы – активтер, 213 миллион теңге тұратын бес көлік, 150 миллиондық жылжымайтын мүлік. Квадроцикл мен қымбат компьютерлік жабдық тағы бар. Қазір оларды мемлекет есебіне қайтарумен әділет департаментінің өкілдері айналысып жатыр.
Адай Мағзұмов — Әділет департаменті басшысының орынбасары:
— Қазіргі таңда бір автокөлік пен кеңсе техникасы толығымен мемлекет пайдасына берілді. Қалған автокөліктер іздеуге жарияланды. Олар анықталғаннан кейін мемлекет пайдасына беру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Тұрғын үйлерді де мемлекет пайдасына беру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Самат Қайырденұлы, тілші:
— Айта кетейін, бұл – облыста криптовалютаға байланысты анықталған алғашқы заңбұзушылық. Сот айыпталушыларды 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Шешім заңды күшіне енді.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk