Трамптың дәуірі басталды. Ол енді Америкада қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады деп отыр. Ел ішінде темірдей тәртіп орнатып, заң үстемдігін жолға қоймақшы. Бірқатар халықаралық ұйымнан да шығатынын мәлімдеді. Заңсыз миграцияның мекеніне айналған Мексикамен ат құйрығын кесуге дайын. Қызметіне кірісе сала, он шақты жарлыққа қол қойған жаңа Президент тағы не істемекші? Армияны айбынды етудегі мақсаты не?
2017 жылы ел басқаруға келгенде оны көбі лайықты саясаткер ретінде қабылдамаған еді. Алайда бұл жолы Трамптың асығы алшысынан түсетін секілді. Ол қазірдің өзінде елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты заңдарға қол қойып үлгерді. Ең әуелі көші-қон саясатын өзгертіп, табиғи ресурстарды игеруді күшейту және үкімет ісіне түрлі ұйым, топтардың араласуын тоқтату. Мексикамен арада төтенше жағдай енгізіледі. Енді шекараға әскери күштер жұмылдырылады. Ал АҚШ аумағында заңсыз жүрген отбасында дүниеге келгендерге азаматтық берілмейді. Бұл заң 30 күннен кейін күшіне енеді. Әлемді елең еткізген тағы бір жаңалық – АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу ниеті. Ақ үйге оралған Трамптың мақсаты – Американы қайтадан ұлы ету. Оның жүйесі әлемдік саяси аренаға қалай әсер етеді?
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
— Трамптың біраз нәрсені өзгертетін ойы бар. Гренландияны қосамыз дейді. Оны қосу мүмкіндігі бар. Канаданы қосады деп ойламаймын, бірақ тариф салып қысым жасауы мүмкін. Еуроодақпен біраз өзгеріс болады. Болашақта әскерді дамытады. Иранмен соғыс ашылып кетуі де мүмкін.
Дональд Трамптың Ақ үйге оралуы АҚШ пен Орталық Азия байланысының жаңа дәуірінің бастамасы болуы мүмкін. Сонау Совет кезінде қабылданған Джексон-Вэник түзетуі жойылады деген ақпарат та жиі тарап жүр. Ол санкция өз күшін жойса, Қазақстанның сауда-саттық саясаты жақсарады. Инвестиция тарту мүмкіндігі артады.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
— Енді саяси жағынан қарасақ, бұл Қазақстанға жақсы. Бір жағынан біз орта держава қатарына қосылдық. Сондықтан бізге біраз мән болады. Сосын Трамп Тоқаевқа телефон шалып, өзі байланыста болды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ біз Қытай мен Ресеймен арасында тұрғанда Трамп Ресеймен де, Қытаймен де бәсекеге түсіп, бізге әсер етуі мүмкін. Сондықтан бізге векторлы саясатты сақтап, соны ұстанып, дұрыс қарым-қатынаста болу керек.
Айта кетейік, Дональд Трамп ел ішінде темірдей тәртіп орнатпақшы. Осылайша, әр тұрғынның қалтасында қаруы бар АҚШ заң үстемдігін орнатуға енді кірісіп жатыр.
Ал Қазақстан заң және тәртіп жобасын әлдеқайда қолға алып, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Заңға бағынатын қоғам қалыптастыру ісі екі жыл бұрын қолға алынып, осы бағытта түрлі заң жобасы әзірленіп, күшіне енді.
Мағжан Үйсінбай, тілші:
— АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасына еш уайымдаудың қажеті жоқ. Оған дәлел жыл сайын артып келе жатқан С5+1 форматы. Бұл – Американың Орталық Азия елдерімен диалог алаңы. Джо Байден оны президенттік форматқа көтерді. Сарапшылардың пайымынша, Дональд Трамп бұл жобаны әрі қарай дамытады.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.