Зинеден Зидан Қазақстанда туған. Шалыс естіген жоқсыз, Атырау тұрғыны Зидан Хамидоллаұлы жақында 8 жасқа толады. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын атасы немересінің атақты спортшы болғанын қалайды екен. Ал баланың арманы қандай?
Баланың тегі – Зинеден, ал есімі – Зидан. Балғынның есімін атасы ырымдап әдейі қойыпты. Кішкентай Зидан футбол десе ішкен асын жерге қояды. Тіпті футболдағы барлық техниканы жатқа біледі. Тікелей эфирлері арқылы өтетін барлық матчты да қалт жібермейді.
Зидан Зинеден, оқушы:
— Менің есімімді атам Зинеден қойды. Ол да жас кезінде футбол ойнаған. Екеуміздің қызығушылығымыз бірдей. Атам екеуміз футболдағы тікелей эфирлерді бірге көреміз. Мен «Реал Мадрид» клубын жақсы көремін. Тіпті оқу құралдарымды да әйгілі футболшының аты мен футболмен байланыстырып таңдаймын.
Зиданның сыныптастары да оның футбол туралы әңгімелерін ұйып тыңдайды. Ұстазы оның футболдан бөлек, есте сақтау қабілеті жоғары екенін айтады.
Жанар Құткөжеева, Зиданның ұстазы:
— Зидан арқылы біздің сыныптағы оқушылардың футболға деген қызығушылығы оянды. Тіпті қыздар да футболшылардың есімдерін жатқа біледі. Біз сыныбымыз да ерекше есімді оқушының оқитынына қуаныштымыз.Сабақ та алғыр,озат оқушы.
Зидан бір айдан кейін 8 жасқа толады. Сол кезде ата-анасы оны футбол үйірмесіне тіркейтіндерін айтады. Жасы жеткенде ол кәсіби мамандардан білім алады. Болашақ футболшының шешімі анық, мақсаты биік.
———————————————
Telegram https://t.me/tv7kz_news
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.