Қонақ үйдің түгі қалмай өртеніп кетті. Қаза тапқандар саны 76-ға жетті. Түркияның Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау шаңғысы базасында элиталы қонақүй жанған. Түркия жұрты қара жамылып, аза тұтып жатыр.
Алапат өрттен қаза болғандар алғашында 10, кейін 66 деп хабарланған. Бүгін 76-ға жетті. 20-дан астам мәйітті тану мүмкін болмай жатыр.
Қонақүй түгел өртенген. Нысан елу жыл бұрын салынған. Сырты ағашпен қапталған. Өрттің тез тарауына осы қураған ағаш түрткі болуы мүмкін. Ал ғимараттың ішінде бірде-бір түтін детекторы және өрт сөндіру құралы болмаған деген ақпарат тарап жатыр. Бұл апатқа байланысты тергеу басталып, тоғыз адам тұтқындалды. Олардың арасында қонақүйдің иесі бар. Айта кетейік, өрттен қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі хабарлады.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өзінің атынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Қаймана қазақ жұрты да бауырлас елдің қайғысына ортақтасып жатыр. Қазақстандағы түрік елшілігі ғимаратына гүл қойып, көңіл айтуда.
———————————————
Telegram: https://t.me/tv7kz_news
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.