Қалың қарды пайдаланған такси жүргізушілері бағаны көтерді

Алматыда қардың қалың түскенін пайдаланған такси жүргізушілері қарға адым жерге қалталарын қампитып әлек. «Үш аялдамаға 3 мың теңге сұрап тұр», — дейді тұрғындар. Ал коммуналды қызмет мамандары: «Бұл – уақытша пайда», — дейді. Өйткені қалада қарды әп сәтте ерітіп жіберетін бекет ашылған. Бекетте тәулігіне 1200 текше қар ерітіліп жатыр.
Ауа райы тосыннан құбыла қалса, бірнеше шақырымға созылған кептеліс түзіліп, тасымал бағасының шарықтап кетуі – Алатау баурайындағы қалаға тән жағдай. Такси жүргізушілері үш кварталдық жерге 3 мың теңге сұрап тұр. Оған алматылықтардың еті үйреніп кеткен. Синоптиктердің алдын ала ескертуіне қарамастан көшеге шыққан тұрғындар түрлі қиындыққа тап болып жатыр.
Барыс-келісі қиындап, арыз-шағымы көбейген алматылықтарды шаһар басшылығы сабырға шақырып әлек. Әкімдікке қарасты коммуналдық мекемелер қалың қарды күреуге кірісіп кетті. Алматы көшелерін тазартуға 600-ден астам техника және мың жарымдай жұмысшы жұмылдырылған.
Бейбіт Шаханов, қала әкімінің орынбасары:
— Тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға және көліктерді жол жиегіне қоймауға шақырамын. Коммуналдық қызмет көшелерге мұз қатырмайтын қоспа сеуіп жатыр. Тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.
Алматы үшін тағы бір жаңалық ол – қар еріту бекетінің ашылуы. Енді бұрынғыдай тонналап жиналған қар қала сыртындағы полигонға шығарылмай, бірден ерітіледі. Қаңтардың басында іске қосылған бекет тәулігіне 1200 текше қар қабылдай алады. Синоптиктер жапалақтап жауған ақ ұлпа 23 қаңтарда ғана саябырсиды деген болжам айтып отыр. Сондықтан шаһар басшылығы тұрғындарды жолда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news