19 жастағы жігіт оқ ату клубында суицид жасады

Оқыс оқиға оқ ату клубында болған. Қазір ол уақытша өз жұмысын тоқтатты. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 жастағы келуші өзіне оқ атқан болуы мүмкін. Бірақ бұл рас па? Қазір тергеу анықтап жатыр.
Мадияр Омаров, ПБ бастығының орынбасары:
— Елорданың 19 жастағы тұрғынының мәйітінің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі жағдайда орын алған оқиғаның барлық объективті мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Оқ ату клубтарында адам өліміне алып келген бұл жалғыз қайғылы жағдай емес. Мысалы, осыдан шамамен он жыл бұрын республикалық оқ ату жарысында турнирге қатысушы азамат өзіне оқ атқан. Осындай оқиғалардан кейін атыс клубтарында қауіпсіздік қаншалықты қамтамасыз етілген деген көкейде сауал туындайды. Сол үшін заңгерлердің де пайымын біліп көрдік.
Асқар Қаймақов, заңгер:
— Мұндай ұйымдарды екінің бірі аша алмайды. Олар тек дайындықтан өткен білікті инструкторларды жұмысқа қабылайды және ғимарат қауіпсіздік нормалары мен техникалық талаптарға сай жабдықталуы керек. Талап ережелердің сақталуын Ішкі істер министрлігі бақылайды.
Оқ ату клубтарына келушілерден жеке құжат, псхологиялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрмағаны жөнінде анықтама талап етіледі. Әр келушіге қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі. Мария Ходькова жақында осындай клубтардың біріне барып келгенін айтады.
Мария Ходькова, қала тұрғыны:
— Инструктор жанымызда болды. Ешқайда кеткен жоқ. Тапаншаны дұрыс ұстау, нысанаға бағыттау секілді қауіпсіздік ережелері туралы айтып берді. Бәрін бастан-аяқ бақылап отырды.
Мысалы, қайғылы жағдайларды болдырмас үшін Америка мемлекетінде оқ ату клубтарының жұмысына қатысты жаңа ережелер бекітілді. Мұнда келушілер арнайы дайындықтан өтуге тиіс. Польшада да жақында бұл тәжірибе қолданысқа енгізілді.
Оқ ату клубтарында қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі енді билік назарында болмақ. Жоғарыда мысалға алынған шет мемлекеттердің тәжірибесі Қазақстанға енгізіле ме? Бұл уақыт еншісінде.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news