Қытай астанасы Бейжіңді су басты

Қытай астанасы Бейжің мен оның төңірегіндегі елді мекендерде тоқтаусыз нөсерден алапат су тасқыны жүрді. Соның салдарынан 30-ға жуық адам опат болды. Дені – Миюнь ауданының тұрғындары. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан көптеген инфрақұрылым зақымданған. Үйлер мен көліктерді су шайып кетті. Жолдар опырылып, электр желілері үзілді. Мыңдаған тұрғын эвакуацияланып, мектептер мен қоғамдық мекемелер уақытша жабылды. Қазір елде қауіптің сары деңгейі жарияланған. Синоптиктер алдағы күндері де жауын-шашын сақталуы мүмкін екенін ескертіп, халықты сақ болуға шақырды. Табиғи апаттардың салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында мыңдаған әскери және азаматтық мамандар жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін 80 мыңнан астам адамның эвакуацияланғаны белгілі. Көрші елдегі қазақстандық дипломаттардың хабарлауынша, зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ. Әзірге көмек көрсету туралы өтініш келіп түспеген.
———————————————