Мұнай бағасы құбылып тұр

Әлемнің мұнай нарығы апта басынан бері құбылып тұр. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы келісімге келудің нақты мерзімін белгілеп, жаңа санкциялар мен тарифтер енгізетінін ескертті. Бұл мәлімдемеден кейін Brent маркалы мұнай бағасы 3%-ға дейін өсіп, бір баррелі 72 долларға жетті. Алайда кейін нарық тұрақтанып, баға бүгін 69 долларға дейін төмендеді. Сарапшылар мұндай қадамдар шикізат жеткізу тізбегіне ықпал етуі мүмкін деп болжайды. Трамп Ресейге қойылған бітім мерзімі енді 50 күн емес, небәрі 10-12 күн деп мәлімдеген. Бұл мәлімдеме мұнай экспорттаушы елдер мен қаржы нарығында алаңдаушылық туғызды. Reuters жазғандай, жаңа санкциялар Ресей мұнайының әлемдік нарықтағы үлесіне әсер етуі ықтимал. Қазір әлемдік нарық Трамптың нақты әрекеттерін күтіп отыр. Отандық сарапшы Расул Рысмамбеттің айтуынша, біз үшін мұнай бағасы өскенінен гөрі, экспорттың тоқтамауы әлдеқайда маңыздырақ.
РАСУЛ РЫСМАМБЕТ – ҚАРЖЫГЕР:
— Мұнай бағасы қайта қаралды. Көпшіліктің ойынша, биыл ол жоғары болады, ал жылдың екінші жартысында Brent маркалы мұнайдың баррелі шамамен 66 доллар деңгейінде болады. Дегенмен Таяу Шығыстағы шиеленіс бәсеңдеп жатқан сияқты. Негізгі экспорттық бағыттарда қазір күрделі ештеңе болып жатқан жоқ. Бірақ КТК-дағы тәуекелдерді ұмытпауымыз керек. Сондықтан жағдайды бақылау қажет. Біз үшін ең бастысы – мұнайды экспорттау. Егер оны экспорттай алмасақ, бағаның өскенінен бізге келіп-кетері жоқ. Өз басым баға сәл өседі деп ойлаймын. Себебі, Солтүстік жарты шарда енді бірнеше айдан кейін күн суытады. Жанармайға сұраныс артады. Бұл – маусымдық құбылыс. Қыста мұнай әрдайым сәл қымбаттайды.
———————————————