Елімізде дәрі-дәрмек 30% дейін арзандайды. Денсаулық сақтау министрлігі бұған дәрі өндірушілер мен жеткізушілердің қосымша шығындарын алып тастау есебінен қол жеткізбек. Дәріхана қожайындары бұған не дейді?
Қазір ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтін заман. Сырқат діңкелеткенде дәріхана жағалаудың өзі оңай емес.
Дәріханашы Дана Темірбаева дәрі бағасы ай емес, апта сайын өсіп жатыр дейді. Тауарды жеткізіп беруші компаниялар еш себебін айтпастан, құнына құн қоса береді екен.
Дана Темірбаева, дәріханашы:
— Жаңа жылдан бастап дәрілер 20-25% көтеріліп кетті. Өйткені қазір көп жеткізушілерде дәрілер болмай жатыр. Өмірлік маңызды препараттар жоқ болып тұр. Мысалы, қан қысымына қарсы, ацикловир, валидол сияқты дәрілер жоқ.
Жүгенсіз кеткен дәрі өндіруші және жеткізуші компанияларды Денсаулық сақтау министрлігі тезге салмақ. Мамандар дәрі бағасын белгілеудің жаңа механизмін құрып қойған. Соның есебінен дәрмектің құны 10-25%, кейбірі тіпті 30% түседі деп болжанып отыр.
Жандос Әділхан, ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры:
— Біріншіден, сыртқы үстемелік жарна ақыларын төлеуді алып тастадық. Екіншіден, барлық дистрибьютерлік-фармацевтикалық өндіріс компаниясының қосатын транспорттық шығындары бар, оны да алып тастадық. Маркировка мен маркетингтік шығындар да жоқ.
Шекті баға белгіленсе, ең әуелі, тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру арқылы ем алатындарға арналған дәрілердің бағасы түседі. Бұдан бөлек, сапасы түпнұсқасымен бірдей болса, балама препараттар да арзандайды. Сөйтіп, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мемлекеттің 57 млрд теңгесін үнемдейміз деп отыр. Ал тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының өкілі Талғат Омаров дәрі арзандайды дегенге сенбейді. «Өйткені дәрі шығаратын немесе жеткізетін компаниялардың шығыны бар, оның кімнің есебінен өтелетіні басы ашық сұрақ», — дейді сарапшы.
Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріханашылар қауымдастығының жетекшісі:
— Әр препараттың шекті бағасы көрсетіледі. Сол жерде қаншалықты арзандап, қаншалықты қымбаттағаны көрінеді. Содан кейін ғана нақты айтуға болады. Өзімнің пікірім, арзандамайды-ау. Өйткені бизнес болғаннан кейін айла-тәсілдері көп. Бұл жерде мемлекет бағаны шектеумен ғана айналыспауы керек.
Ал дәрі бағасын 2 мың пайызға өсіру мүмкін емес. Себебі бағаны нарық реттейді. «Қымбат болса, оны ешкім алмайды», — дейді дәріханалар қауымдастығының жетекшісі. Дәрінің 2 мың пайызға қымбат сатылғанын былтыр жоғары аудиторлық палата өкілдері мәлімдеген болатын. Бұл шудан кейін Денсаулық сақтау министрлігі дәрінің шекті бағасын белгілейтін жобаны ұсынған.
Әнуарбек Қари, мемлекеттік аудитор:
— Жоба бойынша бөлшек сауда үшін ең көп дегенде 30%, көтерме сауда үшін 25% аспайтын көлемде үстеме қосу бекітілді.
Гүлвира Сейтенова, тілші:
— Жаңа механизм бойынша дәрі бағасы қалай өзгеретінін 10 күн ішінде білеміз. Денсаулық сақтау вице-министрі шекті баға былтырғыдан әлдеқайда төмен болады деп нақты айтты.
———————————————
Telegram: https://t.me/tv7kz_news
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.