101 жастағы Тахира әже TikTok-та танымал

TikTok-та танымал Тахира әже миллиондаған қаралым жинайтын контент жасап жүр. Бірде егіз шөбересін тербетіп, бесік жырын айтса, енді бірде батасын беріп, ән салып отырады. Оқырманы таң қалатындай себеп те жоқ емес. Қазығұрт тұрғыны Тахира Құрбанова наурыз айында 101 жасын тойламақ.
Ғасыр жасаған Тахира Құрбанова TikTok желісінде біраз көрерменге танымал. Әжейдің ән айтқан, шөберелерін баққан видеолары миллиондаған қаралым жинады.
Тахира апа өте сергек, тіпті кейде келіндерімен бірге үй шаруасымен де айналысады. «Ұзақ жасаудың құпиясы – белсенді өмір салтын ұстану», — дейді ол. Әже зейнетақысын да өзі ұстайды, ешкімнен ақша сұрағанды ұнатпайды.
Тахира Құрбанова – Қазығұрт ауданының тұрғыны:
— Құдайға шүкір, бақыттымын. Зейнетақым өзімде, ақшасыз жүрмейміз ғой. Өз қажетіме жұмсаймын.
100 жастағы әжейдің 7 баласы, 43 немересі мен 81 шөбересі бар. Бірақ бәрінің түрін танығанмен, есімдерін есте сақтай алмаймын деп қалжыңдайды. Кейуана жас кезінде киім-кешек, көрпе-төсек тігіп, кейін дүкенде сатушы болып істеген. Ал зейнетке шыққан соң, өмірін өзінің отбасына арнапты.
Тахира апа қыздарын сағынғанда ешкімнен апарып келуді өтінбейді. Өзі көлік шақырып, жиендеріне барып, мауқын басып келеді екен.
Әбдімүсілім Құрбанов, Тахира Құрбанованың ұлы:
— Жүзге келсе де әлі жас. Қанша тірлікке, қанша жұмысқа араласып, немере бағып отырған анамыз. Қосымша TikTok-қа шығып тұрады. Ұл-қыздарымен телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Үлкен баласы 74 жаста, одан кейінгі қызы 70-те, осылай жалғаса береміз. Сол кісінің өміріне, денсаулығына ризамыз, қуаныштымыз!
Тахира Құрбанованың өмір салты оның барлық жақынына үлгі. Зейнеткер үшін 100 деген – жай ғана сан. Әжей енді шөберелерін құтты орнына қондырып, шөпшек бағуды жоспарлап отырмын дейді.
———————————————

Telegram: https://t.me/tv7kz_news