Түркияға ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Одан соң мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің V отырысын өткізді. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Кеңес отырысында екі ел делегациялары Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған.
Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Сондай-ақ Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы бірлескен декларациясы қабылданды. Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өссе, биылғы жартыжылдықта экономикамыз 6,2 пайызға ұлғайды. Биыл жалпы ішкі өнімді үш жүз миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл – Орта Азиядағы ең үлкен көрсеткіш. Алға қойған мақсат-міндеттерге жету үшін Қазақстан келесі төрт бағытқа басымдық беруде. Олар – цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, көлік және транзиттік әлеуетті нығайту, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, энергетика және өнеркәсіп саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Осы міндеттерді табысты жүзеге асыру ісінде Түркиямен ықпалдастыққа ерекше мән береміз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.