Қамкөңіл жандарға тиесілі ақшаны қымқырған. Ел ішінде мүгедектерге көрсетілетін қызмет бағасын өтірік арттырып, 830 миллион теңгені қалтаға басқандар ұсталды. Ал балаларға мүгедектік тобын белгілеу үшін жүйелі түрде пара алып келген екі қызметкер жеңіл жазамен құтылды. Айыппұл арқалап, мемлекеттік қызметтен ғана шеттетілді.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Шымкентте мүгедектігі бар адамдарға арналған тауар бағасы негізсіз көтерілген. Мамандардың 200 млн теңгеге гигиеналық құрал алғаны анықталған. Сондай-ақ «тауар жеткізілді» деп жоқ дүниені өтірік жапқандар да болыпты.
Жалпы жарымжан жандарға арналған қызмет құнын ойдан өсіру кесірінен ел қазынасына 830 млн теңге шығын келген. Оның сыртында негізсіз мүгедектік бекітудің 5 мыңнан астам айласы анықталып отыр.
Жандос Бекасанов, департаменттің басқарма басшысы:
— Тәуекелдер мүгедектікті белгілеу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік төлемдерге жәрдемдесу, әлеуметтік төлемдер мен қызметтерге бюджет қаражатын игеру мәселелерінде анықталды. Аталған салада департаментпен қылмыстық іс те тіркелді.
Ал Шымкентте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы мен емхана қызметкері сотталды. Олар ата-аналардан балаларға мүгедектік тобын белгілегені үшін жүйелі түрде пара алып отырған.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Күдіктілерге пара алу және парақорлыққа делдал болу бабы бойынша айып тағылып, сот экс-бөлім басшысына 23 млн, медбикеге 10 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Енді екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, зардап шеккендерге өтемақы төлейді.
———————————————
Telegram: https://t.me/tv7kz_news
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.