Алматы – Өскемен жолында 18 көлік соқтығысты

Алматы облысында ірі жол апаты болды. Алматы – Өскемен бағытындағы тасжолда 18 көлік соқтығысқан. Жарақат алғандар бар. Жол-көлік оқиғасына тағы да жүйткіген жүргізуші кінәлі ме? «ҚазАвтоЖол» компаниясы өкілдерінің айтуынша, таңға жуық ол жолда қалың тұман болған.
Бұл биылғы алғашқы ірі жол апаты емес. Осыдан он шақты күн бұрын Астана – Шучинск тасжолында болған оқиғаны сөз етсек. Бұл еліміздегі ең ірі жол апаты болып тіркелді. «ҚазАвтоЖолдың» мәлімдеуінше, апаттың басты себебі жүргізушілер жылдамдықты асырып, арақашықтықты сақтамаған.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:
— Жергілікті полицияның ұйымдастыруымен жол жүру колониясы ұйымдастырылды. Барлық жүргізушіге жылдамдықты асырмау, арақашықтықты сақтау туралы ескертілді. Бірақ жүргізушілер жылдамдықты асырды. Салдарынан осындай үлкен жол апаты болды. Қазіргі таңда полиция департаменті құқықтық іс қозғады.

Бұл апатта 95 көлік қирады. Ал оның шығынын кім өтейді? Жүргізушілер өздеріне тиесілі сақтандыру төлемдеріне қол жеткізе ала ма? Егер полиция кінәлі тарапты анықтай алмаса не болады?

Сақтандыру компаниясының өкілі:
— Міндетті автосақтандыру шеңберінде апатқа кінәлі тараптың сақтандыру компаниясы зардап шеккендерге заңда белгіленген 2000 АЕК немесе 7,864 миллион теңге шегінде өтемақы төлеуге міндетті. Бұл сома зардап шеккендердің санына қарай бөлінеді және барлық шығынды өтемеуі мүмкін. Қалған соманы зардап шеккендер кінәлі тараптан сот арқылы талап ете алады. Алайда кінәлі тараптың жеке тұлға екенін және зардап шеккендердің саны мен талап етілетін соманы ескерсек, толық көлемде төлем өндіріп алу ықтималдығы өте төмен. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын және апатқа кінәлі жүргізушілерді анықтауға тиіс. Егер кінәлі тарап анықталмаса, КАСКО полисі жоқ жүргізушілер көліктерін өз қаражаттарына жөндеуге мәжбүр болады.

Енді Алматы – Өскемен тасжолында болған жол апатына оралайық. Әзірге жол-көлік оқиғасына нақты кімнің кінәлі екені белгісіз. Полиция бұл бағытта тиісті шара қолданып жатыр. Дегенмен ауа райының қолайсыздығын, мамандардың ескертуін елемей жолға шығатын жүргізушілерге тыйым болмай тұр.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk