Соңғы уақытта доллар тағы құбыла бастады. Дәл қазір айырбастау пунктерінде АҚШ валютасы 530 теңге төңірегінде саудаланып жатыр. Қаржы нарығындағы бұл өсім әрі қарай жалғаса ма әлде бір тоқтау бола ма? Ұлттық банктің болжамы қандай? Тәуелсіз сарапшылар не дейді?
Астанадағы айырбастау пункттерінде АҚШ-тың бір доллары 530 теңгеден саудаланып жатыр. «Бірақ мұнда Ұлттық банк белгілеген айырмашылық дәлізінен ауытқушылық жоқ», — дейді мамандар.
Данира Күмісбай, Ұлттық банктің бас маманы:
— Бұл өзгеріс, ең алдымен, валюта нарығында алыпсатарлықты азайтуға, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелін сейілтуге бағытталған. Бұл шектеудің қолма-қол жүргізілетін айырбастау операцияларына қатысы жоқ екенін ескертеміз.
Яғни Ұлттық банк белгілеген шектік деңгейге 7 теңгеден артық қосылмауы керек. Бұл долларға қатысты айтылып отыр.
Инара Барсақбаева, тілші:
— Бір доллардың ұлттық валютаға шаққандағы орташа бағамы 530 теңге шамасында болып тұр. Жалпы соңғы айда АҚШ-тың ақшасы 34 теңгеге қымбаттаған. Валюта нарығын ырыққа көндіру мүмкін бе? Сарапшылардың пікірін саралап көрейік.
Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажет тауардың басым бөлігі шетелден импортталады. Сондықтан экономист Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, АҚШ валютасы ішкі нарықтың дамуына тікелей әсер етеді.
Жанат Нұрғалиев, экономист:
— Экономиканы қарасақ, бүкіл тауарды доллармен сатып аламыз. Сондықтан бізге өзіміздің экономикамызды көтеру керек. Экономиканы әртараптандырсақ, бізде мықты ұлттық валюта болады. Қазіргі кезде бізге сондай іс шаралар өте қажет.
Валюта нарығындағы құбылыс тиісті мекемелердің жіті назарында. Көптеген қаржылық операция теңгемен жасалып жүр. Десе де үйреніп қалған халық доллар бағамы құбылса, оған алаңдайтынын айтады.
Жалпы, осы аптада Ұлттық банк инфляция барысы, базалық мөлшерлеменің бағыты туралы жиын өткізіп, жағдайды баяндамақ.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.