Қаңғыбасқа банк 23 млн теңге несие берген

Алаяқтар қаңғыбастан да пайда көре бастады. Шымкентте бес адам көшеде тентіреп жүрген үй-күйсіздерді ұстап алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеген. Бет-әлпетін қалпына келтіріп шот ашқан. Сосын атына несие алған. 1-2 миллион емес, 23 миллион теңге рәсімдеген. Алаяқтар ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Ал банк қызметкерлері миллиондап несие алушылардың «тарихын» тексермеген. Сондықтан алаяқтармен қоса өз қызметіне адал қарамаған коммерциялық ұйымның үстінен де қылмыстық іс қозғалып жатыр.
Жандос Досанов, қалалық прокуратураның басқарма басшысы:
— Коммерциялық ұйымның қызметкерлері 2021 жылы 22 800 000 теңге көлеміндегі алаяқтық фактісін анықтаған, алайда жалған жеке кәсіпкерліктер мен заңды тұлғаларды тексеруге және олардың есеп-шоттарын бұғаттауға шаралар қолданбаған. Қылмыстық іс қала прокуратурасының бақылауында.
Ал Түркістан облысында оңалту орталығының басшысы мен есепшісі 85 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды. Олар мүгедек балаларға арналған ақшаны алты жыл бойы талан-таражға салып келген. Басшының 35 млн теңге тұратын пәтері тәркіленіп, 8 жылға, ал бас есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk