Енді есірткіні жасырған адамға жаза жеңілдейді. Яғни, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылмайды». Өйткені дәл осындай қылмысқа баратындардың дені – аузынан ана сүті кеппеген бала. Көбі қылмысқа білместіктен барады. Ал олардың аңғалдығын пайдаланып, жеңіл ақшамен арбайтындарға жаза күшейе ме?
Есірткі жасыратындарға жаза жеңілдейтінін естіген Гүлмира Мәженова камера алдында қуанышын жасыра алмады. Былтыр ұлы есірткі таратқаны үшін істі болған.
Гүлмира Мәженова, қала тұрғыны:
— Балам есірткі бизнесіне қатысты жаңа заңның қабылданғанына қатты қуанды. Енді іс қайта қаралады. Әділ шешім қабылданатынына сенеміз. Ұлымның ісіне қатысты сот отырысы 16 қаңтарда өтеді.
Жаңа заңның қолданысқа енуін Гумиат Балғожина да асыға күтіп отыр. Оның сіңлісі бірнеше жыл бұрын есірткі таратқаны үшін 10 жылға сотталған.
Гумиат Балғожина, қала тұрғыны:
— Сенат бұл заңды қабылдағанда біздің қуанышымызда шек болмады. Абақтыдағы сіңлім жазам жеңілдеп, жаңа өмір бастауға болады деп қуанып отыр.
Наурызбай Байқадамов, Сенат депутаты:
— Егер ол жазасын шартты түрде өтеп, түрмеден ертерек шығып, бірақ қылмысын қайталаса одан да ауыр жазаға тартылады. Бірақ мұны азаматтарға мүмкіндік беру деп қарау керек. Бұл – әділетті жаза. Бұл қылмыстың мұндай жауапкершілігі барын білмеген жастар көп болуы мүмкін.
Жалпы былтыр 49 жасөспірім есірткі таратқаны үшін ұсталған. Оның тоғызы қазір жазасын өтеп жатыр. Ал есірткі тарату қылмысы бойынша жазасын өтеп жатқан мыңға жуық азамат мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмақ. Бірақ есірткі өндірумен айналысатындарға керісінше жаза күшейеді.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.