Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшы. Қазір өңірде 150-ге жуық маманның орны бос тұр. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған шалғайдағы ауыл тұрғындары қалаға қатынап, ем қабылдайды. Жергілікті билік ауылға барған дәрігерге 5 миллион теңге көтермеақы төлеуге де дайын. Бірақ бұл бастаманың да қайыры болмай тұр.
Аманкелді Серік – Жамбыл облысының тумасы. Медициналық университетті тәмамдап, бес ай бұрын Петропавлдағы кардиологиялық орталыққа жұмысқа орналасқан. Резедентурадағы оқуының ақысы облыстық бюджеттен төленген.
Аманкелді Серік, дәрігер-кардиолог:
— Кардиологиялық орталықтың атынан 1 миллион көлемінде қаражат және облысқа 3,5 миллион теңгеге өтініш жаздым. Алдағы уақытта түседі деп айтылған әрі үймен қамтамасыз етеміз деген.
Ал Сардор Усманов – жалпы тәжірбиедегі дәрігер. 2022 жылы отбасымен Шымкенттен Явленка ауылына қоныстанған. Қазір ол басы ауырып, балтыры сыздаған ауылдағы ағайынға қызмет көрсетеді.
Сардор Усманов, аудандық емхана дәрігері:
— Әйелім балабақшада жұмыс істейді. Әкімдік жақтан үй берілген. Үйіміз жақсы. Қыста ыстық, барлық жағдайы жасалғаг. Келгеніме өкінбеймін. Жұмысым жақсы.
Өңірде денсаулық сақтау саласы мамандарына барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ бірнеше жылдан бері кадр тапшылығы шешілер емес. Көбі суық жаққа келгісі келмейді. Өңірде 150-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Сондықтан 200-дей зейнеткер әлі еңбек етуге мәжбүр.
Гүлнәр Қалиева, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
— Хирург, нейрохирург, реаниматолог, анестезиологтар қажет. Сонымен қатар жалпы тәжірбиедегі дәрігер, кардиохирургтар керек. 73-і аудандық ауруханаларға және де 71-і Петропавл қаласына, яғни облыс орталығына қажет болып отыр.
Самат Қайырденұлы, тілші:
— Өңірде кадр тапшылығы мәселесі өткір. Мамандарды тарту үшін түрлі жобалар іске асуда. Алайда айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Сондықтан биылдан бастап әсіресе ауылдық жерге жұмыс істеуге баратындарға берілетін бір реттік көтермеақы 8,5 миллион теңгеге дейін өспек.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.