АвтоЦОН-дағы ақау: автомектепте оқыған мыңдаған адам тізімде болмай шықты

Қазақстанның мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында дүрбелең. Көлік жүргізуден емтихан тапсыруға келгендерді кері қайтарып жатыр. Өйткені олардың кейбірінің аты-жөні тізімде болмай шықты.
Гүлвира Сейтенова, тілші:
— Көлік жүргізуден теориялық емтихан тапсыруға қатысты жағдай бүгін өзгеріп шыға келді. Таңертең редакциямызға хабарласып, шу шығаруға бекінген автомектеп өкілдері айналдырған бір-екі сағаттың ішінде неге екені белгісіз «мәселе шешілді» деп басқаша сөйлеп кетті.
Астанадағы автомектептің бірінде сабақ беретін Әділет Жүнісов көлік жүргізуден теориялық емтихан тапсыруға қатысты қиындық күні кешеге дейін болғанын айтады. Емтихан тапсыруға барған курсанттардың аты-жөні ақпараттық жүйеде шықпай қалған.
Әділет Жүнісов, автомектеп мұғалімі:
— Қазір ешқандай мәселе жоқ. Оған дейін біз берген сертификаттар мекеменің базасында көрінбей, оқушылар сынақ тапсыра алмады. Бірақ қазір бәрі шешілді. Оқушылардың барлығы емтиханнан өтіп жатыр.
Даудың басы бүкіл жүйені электронды форматқа ауыстырудан басталған. Яғни курсанттар емтиханға бұрынғыдай курсты бітіргені туралы қағаз сертификатпен емес, электронды куәлікпен келуі керек. Ол үшін еліміздегі көлік жүргізушісін даярлайтын мектептер 2022 жылдан бері қарай білім алған оқушылар тізімін жаңа жылға дейін әкімшілік полицияға тапсыруға тиіс екен. Алайда ақпараттық жүйеге олар тікелей кіре алмайды. Сондықтан мәліметтерді Excel файлымен полицияға тапсырып жатқан көрінеді. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағылар әкімшілік полиция комитетінің бұйрығы осындай дейді.
Жансаят Құлжанбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» директорының орынбасары:
— Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Түсіповтың қолы қойылған хат келді. Онда 13 қаңтардан бастап курсанттарды курсты аяқтағаны туралы электронды куәлікпен ғана қабылдау керек делінген.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk