Петропавлдағы жалғыз жабық футбол манежі әп-сәтте өртеніп кетті. Өрт бүгін таңғы сағат 8-ден аса, стадион аумағындағы гаражда басталған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 16 техника мен 60-қа жуық құтқарушы жұмылдырылды. Алайда нысан бірнеше минутта күлге айналған. Гаражда тұрған екі трактор, газель және қызметкердің жеңіл көлігі де отқа оранды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де бүлінді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға ізімен қылмыстық іс қозғалды. Арнайы сараптама тағайындалып, шығын көлемі есептелуде.
Айсары Шәкіров, Бала мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Мұнда 8-17 жас аралығындағы 500-ге жуық бала жаттығатын. Енді олардың қайда баратындары белгісіз. Себебі біздің қалада тек бір ғана жабық футбол манежі болған еді.
Марат Сыздықов, СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:
— Әкімшілік ғимараттың іші қара түтінге оранды. Себебі манеж екеуінің арасында өткел болған.
Футбол манежі осыдан 6 жыл бұрын 45 миллион теңгеге салынған. Бұл – жыл басынан бері Петропавлда болған екінші ірі өрт. Өткен аптада ғана шаhардағы сауда үйлерінің бірі отқа оранған.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.