Ақтау маңында құлаған Әзербайжан ұшағының қара жәшіктегі жазбасы Қазақстанға жеткізілді. Оның мағынасы Бразилияда ашылған болатын. Жазба деректерін енді қазақстандық мамандар мұқият зерделейді.
Инара Барсақбаева, тілші:
— Ақтау маңында құлаған ұшақтың қара жәшігі Бразилияда шамамен 2 апта болды. Біздің мемлекет үшін сараптаманың осы елде жүргізілуі маңызды міндет болып саналды. Себебі апатқа ұшыраған Embraer ұшағы Бразилияда шығарылды.
Қазір көптеген шетелдік телеграмм каналда қара жәшіктегі жазбаға қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Бірақ біреуі де ресми расталмаған.
Ұшақ апатында қара жәшік аса маңызды саналады. Сондықтан көпшіліктің көкейінде жүрген осы сөздің мағынасына үңілсек. Оның түсі қара емес, қызғылт сары. Пішіні де жәшікке ұқсамайды. Көбіне домалақ болады.
Алмас Битенов, авиация маманы:
— Бұл құралда ұшақтардың әңгімесі бастан аяқ жазылады. Яғни апаттың себебін анықтау кезінде, айғақтарды іздестіру ісінде қолданылады.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан әуе кемесі апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 38 адам қаза тапқан болатын. Енді Бразилия тарабы жөнелткен қара жәшіктегі жазбаны отандық мамандар мұқият зерттейді. Бірақ жазбаның нақты қашан жарияланатыны белгісіз.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.