Шымкентте 3 мыңнан астам әке алимент төлемей жүр. Олардың қарызы 4 млрд теңгеден асып кеткен. Енді борышкерлерді ұстау үшін прокурорлар такси компаниялары мен букмекерлік кеңселерді аралауға кірісті.
Шымкент тұрғыны Жанна Сейдуллаева 3 жылдан бері балаларына алимент ала алмай келеді. Бұрынғы отағасының берешегі 3 млн теңгеге жуықтаған.
Жанна Сейдуллаева, қала тұрғыны:
— Осы күнге дейін бірнәрсе берілген жоқ. Балаларды іздеп келген жоқ. Ешқандай алимент төленген жоқ, жиналып жатыр. Балалардың секциялары бар, балабақшасы бар, одан қалды би мен таэквондоға барады. Қазір тегін нәрсе жоқ.
Жалпы қалада берешегі 10 млн теңгеден асатын 12 борышкер бар. Былтыр қалалық сот қарызы көбейген бір әкенің 36 млн теңге қарызын өндіру үшін пәтерін тартып алған. Алименттен жалтарған тағы 31 борышкер сотталған.
Бауыржан Мирзалиев, қала прокурорының көмекшісі:
— 2024 жылы жалпы 305 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 70% артығы әкімшілік қамаққа алынды. Яғни борышкерлер айыппұл төлеумен құтылған жоқ.
Сания Жарқынбекқызы, жеке сот орындаушы:
— Сот орындаушының хабарламаларына немқұрайды қарайтын болса, кем дегенде 3 ай өткеннен кейін сот орындаушы алимент берешегін өндіріп алушының арызы негізінде есептеп шығарады.
Қалада алимент төлейтін 181 әйел бар. Ал 71 ананың берешегі 100 млн теңгеге жуықтаған.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Өткен жылы 31 борышкер алимент төлеудің орнына құмар ойындарына ақша тіккені анықталған. Прокуратура борышкерлерді іздеудің жаңа әдісіне көшті. Олар букмекерлік кеңсе мен жеткізу қызметтеріне, такси компанияларына қарызгерлердің тізімін беріп, іздестіріп жатыр.
———————————————
Telegram https://t.me/ne_zhanalyk
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.