Денсаулық сақтау министрлігі аурухана мен мектептегі тамақтандыру жүйесін өзгертпек

Денсаулық сақтау министрлігі аурухана мен мектептегі тамақтандыру жүйесін өзгертпек. Науқастар мен оқушыларға берілетін тамақтың тұзы, қанты және майы азайтылып, керісінше көкөніс пен жеміс көбірек берілмек. Құжатты Әділет министрі бекітсе, жаңа оқу жылынан бастап балалар мектепте жаңа мәзірмен тамақтанады.
Тәрбиешілер байқамағанда, қоңызы бар ботқаны Қандыағаш қаласындағы «Самал» балабақшасының бүлдіршіндері жеп қояр еді. Сұмдығы сол, тамақтағы тарақандарды ас үй қызметкерлері де, ботқадан сынама алған медбике де көрмеген.
Нұргүл Бертілеуова, білім басқармасы басшысының м.а.:
-Ботқадағы жәндік байқалып, сол арада таңғы ас беру тоқтатылған. Қазір облыстық білім басқармасы тарапынан зерделеу тобы жұмыс істеп жатыр. Балабақшаның меңгерушісі және медбикесі және бас аспазы жұмыстан шығарылды.
Ал Алматыда ата-аналар бір берген тамақты оқушыларға қайта-қайта салып береді деп №67 мектепте шу шығарды. Асхананың видеосын қараған ата-аналар балаларының кешегіден қалған тамақты жеп жүргенін анықтаған. Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайтаналыпты. Видео дәлелдерге қарамастан, аудандық білім бөлімі мұны жоққа шығарып отыр.
Зоя Қойшыбаева – Алмалы аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Азық-түлік өнімдерін қайта пайдалану фактілері расталмады, бірақ тамақтануды ұйымдастыруда заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, салаттардың сапасы нашар, бұл технологиялық карта мен пісіру процестерінің бұзылуына байланысты болуы мүмкін.
Салаты ғана сапасыз болғаны үшін мектеп директоры ескертумен құтылды. Ал санитар мамандар оқушыларға тамақ беріп жүрген компанияны тексермек. Десе де мектептегі ыстық тамақ баланың да, ата-ананың да көңілінен шықпай жатыр.
Бұл жайт Денсаулық сақтау министрлігінің де бас ауруына айналған. Мамандар тіпті аурухана мен мектептегі тамақ стандартын өзгеру үшін арнайы құжат әзірлеген. Ол қазір ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында талқыланып жатыр.
Гүлшарат Қожатова, Санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
-Жаңа стандарт бойынша тағамдағы қанттың, тұздың көлемін азайтып жатырмыз. Сонымен қатар жеміс-жидектердің көлемі ұлғайып жатыр.
Мектеп асханасындағы тамақ құрамын өзгертуге ата-аналардың шағымы себеп болған. Мектепте берілетін тағамдарда қант пен тұз көп деп наразылық білдіргендер көбейген. Бала азғасына пайдасы жоқ шұжық өнімдері мен тәтті сусындарды мектеп асханасында сатпауды сұраған ата-ана да бар.
———————————————

Telegram https://t.me/ne_zhanalyk