Қазір қоғамда қайырымдылық қорларының мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұған «Біз біргеміз» қоры арқылы 3,5 млрд теңгені жымқырып, 10 жылға сотталған Перизат Қайрат пен бала еміне жиналған 1 млрд теңгені- жеке қажеттіліктеріне жұмсаған ерлі-зайыптының ісі себеп. Осының барлығы жомарт жандардың қайырымдылыққа деген сеніміне селкеу түсіргені рас. Сондықтан сарапшгылар: «Саланы бір жүйеге келтіріп, заң жүзінде реттеу қажет», — деген пікірде.
Баланың еміне ақша сұрағандарға қоғам қай кезде де жаңашырлық танытып, бей-жай қарамауға тырысады. Қолдан келгенше көмек береді. Себебі сауап болатынына сенеді. Бірақ жиналған 1 млрд теңге бүлдіршіннің еміне емес, қымбат көлік пен пәтерге, тіпті құмар ойындарға жұмсалса қайтпек керек?! Садақадан сән-салтанатқа өткен «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайраттың әрекеті де халықтың наразылығын тудырды. Осындай атышулы істерден кейін бұқараның жалпы қайырымдылық қорларына деген сенімі азайған.
АСХАТ НҰРМАШЕВ — ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Күмән түсті, біз де оны көріп жатырмыз. Өйткені статистика бойынша 2025 жылдың қаңтар айынан тамыз айына дейін санағанда 72 мұқтаж отбасы баспаналы болды. Ал 2024 жылда 150 отбасы баспана алған. Яғни, көрсеткіш екі есе төмен.
Сондықтан қазір қайырымдылық қорлары барынша ашық болуға тырыса бастаған. Әр жасаған әрекеті үшін жазбаша және бейне есеп дайындайды. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, қалай болған күнде де соңғы болған оқиғалар қайырымдылық қорларына үлкен зияннын тигізіп кеткені рас.
Иә, халықтың мейірімі шексіз екеніне көз жеткіздік. Көпшілік көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беруге қашан да дайын екендерін айтады. Қуантады, әрине. «Алайда игі бастамаларға жиналған қаражат ұрланбауы қажет», — дейді қоғам белсенділері.
АРУЖАН САИН — ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
— Тұрғындар ақшаны қайда аударып жатқанын дұрыс тексеріп алуы керек. Мәселен, баланың еміне қаражат жинайтындардан тиісті медициналық құжаттарды талап етуі керек. Біздің қорға көп ата-ана баласының еміне деп ақша сұрап келеді. Бірақ, біз қаражатты тікелей олардың есеп-шотына аудармайтынымызды түсіндіреміз. Ақшаны қолма-қол ала алмайтынын білгенде көбі көмектен бас тартып жатады. Яғни, әуел бастан оларға тек ақша керек болғанын бірден біліп жатамыз.
Дәл осындай қитұрқы әркеттерден кейін шынайы емге мұқтаж балалар көмектен қағылып жататыны көңілді қынжылтады. «Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды бір жүйеге келтіру керек», — дейді заңгерлер.
НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕКОВ – ЗАҢГЕР:
— Жақсы іс, қайырымды іс қазақтың қанында бар, бірақ оны асыра пайдалануға, сенімді бұзуға болмайды. Бұл істерден кейін де қайырымдылық тоқтамайды, жалғасады. Қайырымдылық қорлары болған да дұрыс. Бірақ, осы орайда оны бір жүйеге келтіріп, заңдастырып, бір жүйемен жұмыс жасап, есепті қылып, оларға мемлекеттік аудит қаралатындай жағдай жасалса.
Қайырымдылық қорларының жұмысын жетілдіру бастамасын депутаттар да бұрыннан көтеріп жүр. Мысалы, мәжілісмен Динара Наумова осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдған. Оның айтуынша, мұндай ұйымдарға бақылауды күшейту керек.
ДИНАРА НАУМОВА — МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл процесті цифрландыру бағытында ұсыныс жасадым. Бірыңғай платформасын әзірлеу керек деп есептеймін. Қайырымыдылық қорларын ұйымдастырушылар ұйым ретінде тірекеліп, жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Жиналған қаражаттың қайда жұмсалғанына есеп беруі тиіс. Осыны заңнамалық тұрғыдан реттейтін құжатты әзірлеу қажет. Құзырлы мекемелермен, әріптестерімен талқылау үстіндеміз. Жақын арада ұсынамыз деген ойдамын.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Қаржы мониторингі, былтырғы жылдың наурыз айында 660 мың қазақстандықтың жалған қайырымдылық қорларға ақша аударғанын анықтаған. Жомарт жандардың көмегімен 6 млрд теңге жиналған. Оның 2 млрд теңгесін алаяқтар басқа мақсатқа жұмсаған. Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген жақсы сөз бар. Көмекке мұқтаж адамға міндетті түрде қол ұшын созу керек. Бірақ бұның алаяқтарға оңай олжа болмау жағын да ойлаған дұрыс.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.