Ақтөбелік тұрғындар спорт кешені құрылысының созылып кеткеніне наразы

Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары шу шығарды. Олар аулада салынып жатқан спорт кешені құрылысының созылып кетуіне наразы. Нысан 3 жылдан бері пайдалануға берілмей келеді. Тоғыз кіреберісі бар үйдің ауласы мамыр айынан бері астаң-кестеңі шыққан күйде жатыр. Әр жерде құрылыс қалдықтары үйіліп қалған. Мердігер мекеменің жүк көліктері тұрғындардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіріп отыр. Оған қоса ауыр техникалар оқыс қимылдап, үйдің жылу құбырына зақым келтірген. Енді тұрғындар: «Күн суытпай желіні жөндеп үлгерсе», — деп уайымдап отыр. Мердігер мекеме көрші мемлекеттерден құрылыс материалдарын тасымалдауда іркіліс барын алға тартып, ақталады. Спорт кешенін салуға қажет 721 миллион теңге мемлекет тарапынан түгелдей берілген.
ҚАРЛЫҒА ЖҮНІСОВА, ТҰРҒЫН:
— Міне, осымен үшінші мердігер келіп отырған. Әрқайсысы уәде береді, сонымен сөз күйінде қалады. 1-ші подъездің маңындағы бізге тиесілі жерді алып қойды. Жоба-жоспарларын көрсетпейді. Ауланы абаттандыру кезінде жолдың ені қысқарып қалды. Көліктер сыймай жатыр. Алда-жалда оқыс оқиға болса, өрт сөндіру көлігі бұл жерге кіре алмайды.

ӘСЕТ ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— «Динамо» спорт залының құрылысы 2023 жылы тамыз айында басталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Қазір нысанның дайындығы 85 процентке аяқталып тұр. Осы тамыз айының соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бітіріп, қазан айында эксплуатацияға беруге тапсырамыз.
———————————————