Жаңа салық кодексінде инвесторларға жеңілдіктер қарастырылады

Жаңа салық кодексінде инвесторлар үшін бұрын-соңды болмаған салықтық жеңілдіктер қарастырылып отыр. Стратегиялық жобаларды жүзеге асыратын компаниялар корпоративтік табыс салығынан толық босатылады. Ал инвесторлар құрылыс пен жабдық алуға кеткен шығынның 30 пайызына дейін өтемақы ала алады. Арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылатын жобалар үшін, жер телімін жеңілдікпен алу және инфрақұрылымға қол жеткізу көзделген. Бұдан бөлек, өзгерген Салық кодексі бағалы қағаздар нарығына жаңа леп әкелмек.
АЛМАБЕК ЖАББАРОВ — FREEDOM BROKER САЛЫҚТЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Жеке тұлғалар үшін, әсіресе қор нарығында инвестиция жасап жүргендерге арналған оң өзгерістер бар. Енді жеке тұлғалар құнды қағаздарды сатқан кезде келген шығындарын сол құнды қағаздардан түскен табыстарымен есептеп, салық салынатын сомадан алып тастай алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек заңды тұлғаларға ғана берілген болатын. Сондай-ақ, жаңа жүйе бойынша құнды қағаздар екі топқа бөлінеді: жеңілдігі бар және жеңілдігі жоқ қағаздар. Жеңілдік берілетін құнды қағаздарға – Қазақстан қор биржаларында листингте тұрған қағаздар жатады. Мысалы, Apple компаниясының акциялары KASE-де листингтен өткен. Сондықтан сіз ол акциялармен шетелдік биржада сауда жасасаңыз да, олар жеңілдігі бар қағаздар болып есептеледі. Сондай-ақ жеңілдікке мемлекеттік облигациялар, агенттік облигациялар, инвестициялық қорлардың үлестері мен МФЦА-да тіркелген компаниялардың акциялары да кіреді. Қалған барлық қағаздар жеңілдігі жоқ деп есептеледі.
———————————————