Еліміздің шығысында атом электр саласына қажет кадрлар даярланады. Бүгінде Өскемендегі техникалық университет жаңа бейінді мамандық бойынша талапкерлерді қабылдай бастады. Айта кету керек, оқу бағдарламасы МАГАТЭ сарапшыларымен келісілген. Ал оқытушылардың дені Еуропаның ірі атом электр станцияларында арнайы тағылымдамадан өткен. Студенттер болашақта Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта практикадан өтеді деген жоспар бар. Сондай-ақ, олар шаhардағы металлургиялық зауыттарда реакторлардың жылу бөлетін энергия көздерін – отын жинақтарын жасау процесін меңгереді. Жалпы атом энергетикасы агенттігі өкілдерінің мәліметінше, Қазақстандағы алғашқы АЭС 2035-2036 жылдары іске қосылмақ. Сол кезде шамамен 1500 маман қажет болады.
МИХАИЛ ПОДОЙНИКОВ — МЕТАЛЛУРГИЯ ЗАУЫТЫ ҒО БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Біз уран оксиді негізінде ядролық керамикалық отын өндірудің толық технологиялық процесін көрсете аламыз. Сонымен қатар шикізаттан жылу бөлетін элементтерді құрастыру процесін тәжірбиеде үйретеміз.
АЙБЕК АҚАЕВ — ШҚТУ СӘУЛЕТ, ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНЫ:
— Болашақ кадрларды дайындауға – Магатэ сарапшылары атсыласады. Бұл атом саласы бойынша халықаралық агенттік. Әрі олар АЭС-тегі ең соңғы технологияларды бақылап, меңгеріп отырады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.