МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа норма енгізілді. Енді бес жыл бойы жарна төлеген болсаңыз, жұмыссыз қалсаңыз да алты ай қызмет қолжетімді болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен қолданысқа енетін МӘМС-тегі бұл өзгерістердің бірі – ерте диагностика жасауды жетілдіру. Яғни ауруды асқындырмай анықтау. Сондай-ақ әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін зерттеп қарауды қамтамасыз етеді. Мәселен, онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандыққа қолжетімді болады. «Бұл обырды ерте сатысында уақытылы тиімді диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік береді деп отыр», — мамандар.
ӘЛИЯ РҮСТЕМОВА — ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Егер науқаста обыр ауруына күдік болса, ол міндетті түрде скринингтен тегін өте алады. Бұл да үлкен жеңілдік. Иә, бүгінгі күні денсаулық сақтау саласында айтарлықтай проблемалар баршылық. МӘМС-пен еліміздегі тұрғындардың 17 пайызға жуығы қамтылмаған. Яғни сақтандырылмаған. Ол азаматтар толыққанды дәрігерлік көмек ала алмай отыр деген сөз. Әрине, бұл медициналық мекемелерді қаржыландыруға да кедергі келтіріп келді.
Қазіргі уақытта халықтың 83%-ы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалған. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы санатына жататын азаматтар үшін МӘМС жарнасын төлейді. Нәтижесінде, 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа норма енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақытылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет.
МӘМС-тегі бұл оң өзгерістерді халық қуана қабылдап отыр. Олар да медицинаның қолжетімді болатынына қуанышты.
Жаңа өзгеріс қатарында халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды кеңейтумен бірге медициналық ұйымдарды сапалы әрі тиімді қызмет көрсетуге ынталандыру да қарастырылған. Яғни азаматтардың, жұмыс берушілердің және мемлекеттің бірлескен қатысуы есебінен денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету де көзделген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.