Солтүстік Қазақстан облысында 90-ға жуық ауылда әлі күнге дейін таза су жоқ. Мұндағы халық тіршілік нәрін құдықтан тасып ішеді. Мәселе көп жылдан бері шешілер емес. Сондықтан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өңірде су желілерін салу жұмыстары қолға алынды. Ол үшін арнайы қордан 45 миллиард теңге бағытталып отыр.
Айыртау ауданына қарасты Комаровка ауылында 150-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Ауыл тасжол бойында орналасқан. Десе де, жергілікті тұрғындар талай жыл таза судан таршылық көргенін айтады. Тіпті амалы таусылған халық өздері құдық қазып алған. Ал оның сапасы айтпаса да түсінікті. Сондықтан биыл мұнда жаңадан құбыр төселіп, әр үйге су тартылуда.
ӘНУАРБЕК ТАСТАНОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Шындығына келгенде, көптен күткен арманымыз. Бәрін құдықтан алғанбыз. Қысты күні қиын. Құдықтың суы бір жерде жақсы, бір жерде жаман болады. Бәрі бірдей болмайды ғой. Бүкіл үйге шланга кіргізіп жатыр, қуаныштымыз.
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 5 ауданда жұмыс басталды. Яғниь қазір Соколов, Преснов және Булаев топтық су құбыры қайта жаңғыртылуда. Атқарылып жатқан шаруалар прокурорлардың жіті бақылауында. Жалпы айта кету керек, еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары теріскейде орналасқан. Оның жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады.
РИЗВАН ЮСИБОВ – СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
— Айыртау, Есіл, Мамлют, Шал ақын және Тайынша ауданына қарасты 30 ауылда сумен жабдықтау желісінің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс толық аяқталған кезде 11 мыңнан астам адам сапалы ауызсумен қамтылады. Қадағалау кезінде Айыртау ауданындағы жұмыс баяу жүріп жатқанын анықтадық. Арнайы қабылданған шаралардың арқасында олқылықтың орны толтырылды. Біз барлық жобаның жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстаймыз.
Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аймақта 50-ден астам түрлі әлеуметтік жоба жүзеге асуда.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.